Шымкент қаласындағы Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында жаңа жол-көлік айырығы ашылды. Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Еске сала кетейік, нысанның құрылысы өткен жылдың соңында Мемлекет басшысының мегаполистің көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында басталған болатын.
Бүгін эстакада арқылы көлік қозғалысы іске қосылды. Қазіргі таңда мұнда негізгі құрылыс аяқталып, жол белгілері мен таңбалары салынды. Эстакаданың ашылуы қаланың көлік қозғалысы тығыз учаскелерінің бірінде жол қозғалысын реттеуге бағытталған жобаны іске асырудағы маңызды кезең болды.
Қала әкімі жол инфрақұрылымын дамыту Шымкенттің қажеттілігіне сай жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. Заманауи көлік шешімдері кептелістерді азайтуға, тұрғындардың қатынауын жеңілдетуге және қала аудандары арасындағы байланысты жақсартуға бағытталған.
Қазіргі уақытта жолайырықтың төменгі деңгейінде айналма қозғалысты және оң жақ өткел тармақтарын, сондай-ақ, жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерін абаттандыру жұмысы жалғасуда.
Іргелес аумақты абаттандыруды қоса алғанда барлық жұмысты жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жобаның жүзеге асырылуы осы учаскедегі жол қозғалысын жетілдіруге, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары