Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ШЫМКЕНТТЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСУДА

ШЫМКЕНТТЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСУДА

Шымкентте республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар жалғасуда. Кезекті тазалық шарасы «Kenesary Han» мешітінің аумағында ұйымдастырылып, оған мешіт жамағаты белсенді түрде қатысты.

Іс шара барысында мешіт аумағы мен оның айналасы қоқыстан тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Мешітке келушілер тазалық жұмыстарын бірлесіп атқарып, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлестерін қосты.

Абай ауданының бас имамы Мұхамеджан Естеміровтің айтуынша, мешіт аумағында тазалық жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылады. Оған мешіт жамағаты да белсенді атсалысып келеді.

«Тазалық ұғымын тек көше мен ауланың тазалығымен шектеуге болмайды. Негізгі мақсатымыз – тілдің таза болуы, жүректің таза болуы, бір бірімізге мейірім шапағат таныту. Әркім өз ауласын, жүрген жолын таза ұстаса екен дейміз. Көлік жүргізушілерінен де темекінің тұқылын жолға тастамауды сұраймыз», деді Мұхаммеджан Естеміров.

Тазалық шарасына қала тұрғыны Нұрмахан Тұрмаханов та қатысты. Оның айтуынша, қала аумағын таза ұстауға тұрғындардың барлығы жауапкершілікпен қарауы қажет. Ол әсіресе қаланың шеткі аумақтары мен мешіт маңындағы жерлерді абаттандыруға көбірек көңіл бөлінсе деген тілегін білдірді.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай шаралар қоршаған ортаны таза ұстаумен қатар, тұрғындардың ортақ іске деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Бірлескен тазалық жұмыстары арқылы қала тұрғындары арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдысын нығайтуға мүмкіндік бар.

Тазалықты сақтау тек арнайы акциялар кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де әр азаматтың әдетіне айналғанда ғана қала келбеті көркейе түседі.

Сонымен қатар, тазалық шараларына түрлі жастағы тұрғындардың қатысуы қоғамдық жауапкершіліктің артып келе жатқанын көрсетеді. Әр азамат өзіне жақын аумақтың тазалығына көңіл бөліп, қарапайым тәртіп талаптарын сақтаған жағдайда, бұл бастама күнделікті өмір салтына айнала алады.

Осындай ортақ жұмыстар тұрғындар арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастықты да нығайтады. Мешіт жамағатының бастамасымен ұйымдастырылған тазалық шарасы қоршаған ортаға жанашырлық танытудың және туған қалаға деген құрметтің нақты көрінісі ретінде жалғасын табуда.

Алдағы уақытта да мұндай бастамалардың тұрақты түрде ұйымдастырылуы тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға оң ықпал етеді. Әр азаматтың қарапайым тазалық талаптарын орындауы қаланың көркеюіне және жайлы орта қалыптастыруға өз үлесін қосады.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*