Түркістан қаласында «KitapTime – 2026» V жалпы республикалық кітап фестивалі аясында «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Абыз ақсақал Жарылқасын Әзіретбергенұлы» атты естелік кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Тағылымды басқосудың шымылдығы Пржан Тлеубаевтың орындауындағы «Жақсыларым» термесімен ашылды.
Естелік кітаптың тұсауын айтыскер ақын, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Бекарыс Шойбек, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай, Түркістан қаласы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков және Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова салтанатты түрде кесті.
Кеш барысында құрметті қонақтар Жарылқасын Әзіретбергенұлының азаматтық болмысы, елге сіңірген еңбегі, өнегелі өмір жолы жайында естеліктері жайында сөз қозғады. Абыз ақсақалдың қарындасы Тұрар Әзіретбергенқызы сөз сөйлеп, ағасының тұлғалық қасиеттері мен отбасындағы орнын тебірене еске алды. Жиынға Жарылқасын Әзіретбергенұлының жұбайы, бауырлары, балалары мен немерелері қатысты.
Шара барысында Аязбек Рүстемов «Қадірле ата-анаңды тірісінде» термесін орындап, кештің рухани мазмұнын тереңдете түсті.
Жұмабек Тәшенов атындағы №23 ІТ-мектеп-лицейінің директоры Жаңыл Жарылқасынқызы әкесі туралы жылы естеліктерін еске алып, тағылымды кешке қатысқан барша қауымға алғысын білдірді.
Сондай-ақ абыз ақсақалды көзі көрген зиялы қауым өкілдері мен жиын қатысушылары сөз алып, Жарылқасын Әзіретбергенұлының елдік істері, адамгершілік қасиеті мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесі туралы естеліктер айтты.
Түркістан қаласында өткен мұндай тағылымды кездесулердің жас ұрпаққа берер тәрбиелік мәні ерекше. Өнегелі ғұмыр иелерінің өмір жолын насихаттау арқылы қала жастарын елге қызмет етуге, үлкенді құрметтеуге, ұлттық құндылықтарды бағалауға және адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруге бағыт беруге болады.
Түркістан қаласының рухани-мәдени өмірінде кітап оқу мен тарихи тұлғалардың өнегелі жолын насихаттауға бағытталған бастамалардың маңызы зор. Естелік кітаптың жарыққа шығуы – өткенді ұлықтап қана қоймай, кейінгі буынға рухани мұра қалдырудың маңызды үлгісі. Кітап арқылы тұлғаның өмір жолы, елге сіңірген еңбегі мен азаматтық ұстанымы кеңінен таныстырылады.
Түркістан қаласында «KitapTime – 2026» фестивалі аясында ұйымдастырылған бұл басқосу кітап оқу мәдениетін дамытуға, тарихи және рухани мұраны дәріптеуге, елге еңбегі сіңген азаматтардың өнегесін насихаттауға өз үлесін қосты. Осындай игі бастамалардың жалғасуы қала тұрғындарының білімге, руханиятқа және жасампаздыққа деген қызығушылығын арттыра түспек.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары