Репродуктивті денсаулықты сақтау, қауіпсіз мінез-құлық және ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында мектебіміздің қыз балаларымен гинеколог дәрігер Сұлу Тоқсанбаеваның қатысуымен танымдық кездесу ұйымдастырылды.
Кездесудің басты мақсаты – жасөспірім қыздардың денсаулыққа деген жауапкершілігін арттыру, жеке бас гигиенасын сақтау мәдениетін қалыптастыру, ағзадағы жас ерекшеліктеріне байланысты өзгерістер туралы дұрыс түсінік беру және ерте жүктіліктің алдын алу жолдарын түсіндіру. Сонымен қатар қыз балалардың өз денсаулығына саналы көзқарасын қалыптастыру, отбасылық құндылықтарды құрметтеуге, жауапкершілікке және салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу көзделді.
Кездесу барысында дәрігер қыз балалардың денсаулығын күту, жеке бас гигиенасын сақтау, салауатты өмір салтын ұстану және қауіпсіз мінез-құлықтың маңыздылығы жөнінде пайдалы ақпараттармен бөлісті. Жасөспірімдік кезеңдегі физиологиялық өзгерістер, жеке шекараны құрметтеу, қауіпті жағдайлардың алдын алу және денсаулыққа қатысты мазалаған сұрақтар туындаған жағдайда сенімді ересек адамға немесе медицина маманына жүгінудің маңыздылығы түсіндірілді.
Сонымен қатар кездесуде отбасы құндылықтарын дәріптеу, ана мен баланың денсаулығын қорғау, жауапты ата-ана болуға дайындық және қоғамдағы әйелдердің рөлін құрметтеу мәселелеріне де назар аударылды. Отбасы – қоғамның негізі, ал ана мен баланың саулығы – ұлт болашағының маңызды кепілі. Осы тұрғыда жас ұрпаққа отбасындағы өзара сыйластық, қамқорлық, жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттердің маңызын түсіндірудің мәні зор.
Отбасылық және гендерлік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – қыз балалардың құқықтарын құрметтеу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім алуына және жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау. Қоғамдағы әйелдердің орны мен рөлін бағалау, ана болуды құрметтеу және әрбір баланың денсаулығын қорғау – ортақ жауапкершілік. Мұндай шаралар өскелең ұрпақтың репродуктивті сауаттылығын арттырып қана қоймай, болашақта дені сау отбасы қалыптастыруға және демографиялық дамудың маңызын түсінуге ықпал етеді.
Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алып, денсаулықты сақтауға қатысты маңызды мәліметтермен танысты. Мұндай тәрбиелік әрі танымдық шаралар жасөспірім қыздардың медициналық сауаттылығын арттырып, өз денсаулығына саналы көзқараспен қарауына, жеке қауіпсіздігін сақтауға және болашаққа жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.
Қыз баланың денсаулығын қорғау – оның болашағына қамқорлық жасау. Сондықтан өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беру, отбасылық құндылықтарды нығайту, ана мен баланы қорғау мәдениетін қалыптастыру және қауіпсіз орта құру – баршамыздың ортақ міндетіміз!
Денсаулықты сақтау – өзіңді құрметтеуден басталады! Ал отбасы құндылықтарын дәріптеу – жарқын болашақтың берік негізі!
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары