Шымкент қаласында жастар саясатын дамыту, азаматтық белсенділікті арттыру және жастардың қоғамдық өмірге араласуын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 731 іс-шара ұйымдастырылып, оған 181 900-ге жуық жас қатысты.
2026 жылғы 1 маусымдағы дерек бойынша, қалада 14 пен 35 жас аралығындағы 428 145 жас тұрады. Бұл қала халқының 33 пайызын құрайды. Шымкенттегі 9 жоғары оқу орнында 112 056 студент, ал 35 колледжде 49 804 студент білім алуда. Студенттерге арналған жатақханаларда 11 182 орын қарастырылған, қазіргі таңда орын тапшылығы жоқ.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Таза Шым» бастамасы аясында тазалық акциялары өткізіліп, оған 22 500-ден астам жас қатысып, 33 тонна қоқыс шығарылды. Халықаралық волонтерлер жылы аясында 170 іс-шара ұйымдастырылып, 32 мыңға жуық жас қамтылды.
Жастардың зияткерлік қабілетін дамытуға бағытталған «STUDENT CONNECTION» жобасы аясындағы «Qara Quiz» сайысына мыңнан астам жас қатысты. Сонымен қатар Наурызнаманың онкүндігіне 10 мыңға жуық студент атсалысты.
«Заң мен тәртіп» қағидасы бойынша тоғыз айда 161 іс-шара өткізіліп, 29 мыңға жуық жас қамтылды. Есірткіге тәуелділіктің алдын алу мақсатында 500-ге жуық заңсыз есірткі жарнамасы жойылып, «Шымкент – Есірткісіз қала» науқанына 2 500-ден астам жас қатысты. Бұдан бөлек, «Қауіпсіз қала – қауіпсіз қоғам» акциясы аясында 55 түнгі рейд ұйымдастырылды.
Әлеуметтік қолдау бағытында «ReLife» жобасы жүзеге асырылып, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан жастармен 20 психологиялық кездесу өткізілді. Сондай-ақ суицид пен лудоманияның алдын алу үшін психологтармен 50 кездесу ұйымдастырылып, 2 мың жастың қатысуымен әлеуметтік зерттеу жүргізілді.
Жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне де ерекше назар аударылуда. «Айбын – 2026» сайысының қалалық кезеңінде мектеп оқушылары мен колледж студенттері әскери-қолданбалы және спорттық сынақтардан өтті.
Аталған бастамалар жастардың әлеуетін арттыруға, құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына бағытталған.
Алдағы уақытта да Шымкент қаласында жастарды қолдау, олардың бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік жасау, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамдық белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Сонымен қатар жастардың білім алуына, өзін-өзі дамытуына және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасауға басымдық беріледі.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары