2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі қолданысқа енгізілді. Жаңа құжат құрылыс нысандарын пайдалануға қабылдау тәртібін нақтылап, заңсыз құрылысқа жол бермеу, нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құрылыс саласындағы бақылауды күшейтуге бағытталған.
Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Берік Дүйсенов мәлімдеді.
Жаңа талаптарға сәйкес, мемлекеттік құрылыс инспекторының құрылыс нысанын пайдалануға қабылдау рәсіміне қатысуы міндеттелді. Сонымен қатар рұқсатсыз немесе заң талаптарын бұза отырып салынып жатқан нысандар анықталған жағдайда, тиісті ақпарат сәулет және қала құрылысы саласындағы уәкілетті органдарға үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жолдануы тиіс.
Бұдан бөлек, анықталған заң бұзушылықтар бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарға ауыртпалық енгізу қажеттілігі туралы мәліметтер кадастр органдарына беріледі. Бұл заң талаптарын бұза отырып жүргізілген құрылысқа қатысты тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Шымкент қаласында құрылыс нысандарына қатысты 132 бақылау іс-шарасы жүргізіліп, 314 әкімшілік хаттама толтырылған. Нәтижесінде салынған айыппұлдардың жалпы көлемі 78,1 млн теңгені құрады.
Атап айтқанда:
- заңсыз құрылыс бойынша 91 нысан анықталып, 33,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынды;
- құрылыс сапасына қатысты 22 нысан бойынша 27,3 млн теңге айыппұл белгіленді;
- үлестік қатысу мәселелері бойынша 19 нысанға қатысты 17,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар анықталған заң бұзушылықтарға байланысты 22 талап арыз сотқа жолданған. Оның 14-і қанағаттандырылып, қалған 8 талап арыз қазіргі уақытта сот қарауында.
Жаңа Құрылыс кодексінде ғимараттардың қауіпсіздігіне де ерекше мән берілген. Атап айтқанда, халық көп жиналатын және биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарды пайдалануға қабылдау кезінде олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін растау қарастырылған.
Сондай-ақ 2026 жылғы 1 шілдеден бастап халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету фактісін растауға қатысты талаптар енгізілді. Бұл ғимараттар мен құрылыстарды пайдалануға қабылдау барысында қолжетімді орта талаптарының сақталуына назар аударуға мүмкіндік береді.
Жаңа нормалар құрылыс саласындағы заңдылықты нығайтуға, құрылыс нысандарының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қала құрылысына қойылатын талаптардың сақталуын бақылауға бағытталған. Шымкент қаласында да құрылыс нысандарына қатысты бақылау және заң бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жалғасады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары