Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » ШЫМКЕНТТЕ «ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ – АҒА БУЫНҒА» ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛІ ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ «ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ – АҒА БУЫНҒА» ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛІ ӨТТІ

Бүгін қалалық Достық үйінде 1 қазан – Қарттар күніне орай, Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Жүрек жылуы – аға буынға» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, олардың қоғамдық өмірге қосқан үлесін дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және жастар арасында үлкенді сыйлау, ізет көрсету құндылықтарын насихаттау.

Дөңгелек үстелге қалалық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Сүгірбаева, кеңестің ардагер мүшелері және қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып жүрген бірқатар ардагер аналар қатысты.

Кездесу барысында отбасы құндылықтарын сақтау, ұрпақ тәрбиесіндегі үлкендердің рөлі және қоғамдағы өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды. Қатысушылар отбасының берекесі мен қоғамның тұрақтылығы ең алдымен сыйластыққа, жауапкершілікке және рухани сабақтастыққа негізделетінін атап өтті.

Қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасылық және гендерлік саясатты дамыту, ана мен баланы қорғау – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттары. Осы ретте Аналар кеңесінің жұмысы отбасы институтын қолдауға, ана мәртебесін арттыруға және әйелдердің қоғамдық өмірге белсенді араласуына ықпал етеді. Сонымен қатар аналардың бала тәрбиесіндегі рөлін дәріптеу, жас отбасыларға өнеге көрсету және ұлттық тәрбие құндылықтарын насихаттау да маңызды міндеттердің бірі саналады.

Аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесі мен өнегесі жас ұрпақтың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға, отбасындағы сыйластықты нығайтуға және жауапты ата-ана болу мәдениетін дамытуға негіз болады. Ал отбасы тұрақтылығы мен ана мен балаға қолайлы жағдай жасау демографиялық саясаттың да маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

«Құрметті ардагер аналар, сіздерді 1 қазан – Қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз, парасат-пайымдарыңыз бен ақыл-кеңестеріңіз – кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес құндылық. Отбасының берекесін ұйытып, елдің бірлігі мен қоғамның тұрақтылығына өз үлестеріңізді қосып келе жатқан еңбектеріңіз әрдайым құрметке лайық. Аға буынның өнегесі – ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауы. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін. Әрдайым ұрпақтарыңыздың қызығын көріп, ел-жұрттың құрметіне бөленіп жүре беріңіздер!» – деді Гүлжан Дәулетбекқызы.

Іс-шара соңында қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, Аналар кеңесінің қызметіне үлес қосқан бірқатар ардагер аналарға Алғыс хаттар табысталды.

Жалпы, «Жүрек жылуы – аға буынға» атты кездесу отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға және қоғамдағы әйелдер мен аналардың рөлін айқындауға бағытталды. Мұндай бастамалар үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін жалғастырып, отбасындағы татулық пен қоғамдағы өзара сыйластықты нығайтуға ықпал етеді.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*