Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » КӘСІБИ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК: ШАЛА ТУҒАН ЕГІЗДЕР АМАН ҚАЛДЫ

КӘСІБИ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК: ШАЛА ТУҒАН ЕГІЗДЕР АМАН ҚАЛДЫ

Ана мен баланы қорғау, жүкті әйелдерге сапалы медициналық көмек көрсету және жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтап қалу – денсаулық сақтау саласындағы маңызды бағыттардың бірі. Шымкентте бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, әсіресе мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилерге арнайы медициналық көмек көрсетуге басымдық берілуде. Соның бір дәлелі – қалалық перзентхана дәрігерлерінің жүктіліктің 29-аптасында туған егіз қыздарды аман алып қалуы. Салмақтары небәрі 740 және 935 грамм болған сәбилер 85 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болып, үйлеріне шығарылды. Нәрестелер кесарь тілігі арқылы дүниеге келген.

Ана мен баланы қорғау, жүкті әйелдерге сапалы медициналық көмек көрсету және жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтау – денсаулық сақтау саласындағы маңызды бағыттардың бірі. Шымкентте бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Соның бір дәлелі – қалалық перзентхана дәрігерлерінің жүктіліктің 29-аптасында дүниеге келген егіз қыздарды аман алып қалуы. Салмақтары небәрі 740 және 935 грамм болған сәбилер 85 күндік емнен кейін үйлеріне шығарылды.

44 жастағы ананың егіз қыздары кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Шала туған нәрестелер бірден реанимация бөліміне жеткізіліп, алғашқы 23 тәулік бойы қарқынды медициналық көмек алды. Кейін жағдайлары тұрақтанған соң нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылды.

Мерзімінен бұрын туғандықтан, сәбилердің өкпесі толық жетілмеген. Сондықтан дәрігерлер тыныс алу жүйесін қолдауға бағытталған ем жүргізіп, олардың тыныс алуын, тамақтануын және салмақ қосуын тәулік бойы бақылауда ұстады.

«Мұндай салмақта дүниеге келген нәрестелер ерекше күтім мен үздіксіз медициналық бақылауды қажет етеді. Қыздардың жағдайы біртіндеп жақсарып, салмақ қоса бастады. 85 күннен кейін оларды үйлеріне шығардық», – дейді қалалық перзентхананың дәрігер-неонатологы Нилуфар Тұрсыметова.

Қазір егіздердің жағдайы тұрақты. Анасы балалардың күтімін үй жағдайында жалғастыруда. Мамандардың айтуынша, шала туған нәрестелерге қажетті медициналық көмек олардың денсаулық жағдайына қарай кезең-кезеңімен көрсетіледі.

Жалпы, неонатологиялық көмек, оның ішінде диагностика, емдеу және медициналық бақылау МӘМС жүйесі аясында жүргізіледі. Шымкентте жыл басынан бері дәрігерлер салмағы 500 грамға дейін болып туған екі сәбиге және салмағы 1,5 келіге дейінгі 150-ден астам нәрестеге медициналық көмек көрсеткен.

Бұл жағдай ана мен бала денсаулығын қорғауда дәрігерлердің кәсіби біліктілігі мен заманауи медициналық көмектің маңызын көрсетеді.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*