Шымкент қаласында қала құрылысы мен инфрақұрылымды дамытуға байланысты бас жоспарға түзетулер енгізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, сыртқы жарнама нысандарын орналастыру тәртібін жетілдіру көзделген. Қала мәслихатының 2019 жылғы 27 маусымдағы №51/429-6с шешімімен бекітілген сыртқы жарнаманы орналастыру қағидаларын қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіру мақсатында жаңа шешім жобасы әзірленіп, қайта бекітуге ұсынылған. Бұл қала аумағындағы жарнама нысандарын орналастыру тәртібін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Шымкент қаласының бас жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 қазандағы №916 қаулысымен бекітілген. Қала дамуының қазіргі жағдайын, жаңа инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды ескере отырып, құжатқа түзетулер енгізу қажеттілігі анықталған. Бұл ретте жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгертуге қатысты жеке және заңды тұлғалардан түскен 1 800-ден астам өтініш те ескерілген.
Бас жоспарды өзектендіру аясында көлік инфрақұрылымын жетілдіру, әуежайдың жаңа ұшу-қону жолағының құрылысын ескеру, көшкін және сел қаупі бар аумақтарды нақтылау, инженерлік желілерді дамыту және жаңа өндірістік кәсіпорындарды орналастыру мәселелері қарастырылуда. Атап айтқанда, халық саны мен газ тұтыну көлемінің өсуіне байланысты екі жаңа автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысын жоспарлау көзделген. Сонымен қатар, инвестиция тарту және өнеркәсіптік аймақтарды дамыту үшін қосымша аумақтар қарастырылуда.
Қазіргі уақытта жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілген. Басқарма қала дамуының перспективалық бағыттарын ескере отырып, бас жоспарды өзектендіру жұмыстарын жалғастыруда.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары