Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » Шымкентте атмосфералық ауа сапасын бақылау жұмыстары күшейтілуде

Шымкентте атмосфералық ауа сапасын бақылау жұмыстары күшейтілуде

Шымкент қаласында қоршаған ортаның жай-күйін бақылау және атмосфералық ауаның сапасын мониторингілеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Экологиялық ахуалды жақсарту, зиянды шығарындыларды азайту және табиғат қорғау талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында бірқатар шара қолға алынған.

Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экология департаментінің өкілдері мәлімдеді. Кездесу барысында қаланың экологиялық жағдайы, атмосфералық ауа сапасын бақылау тетіктері және қоршаған ортаға кері әсерді төмендету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.

Қазіргі таңда қала аумағындағы қоршаған ортаға әсер ететін нысандар экологиялық әсер ету деңгейіне қарай санаттарға бөлінген. Олардың қызметі барысында экологиялық талаптардың сақталуы уәкілетті органның бақылауында. Бұл шаралар қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Атмосфералық ауаның жай-күйін бақылау «Қазгидромет» мекемесінің 6 бақылау бекеті арқылы жүзеге асырылады. Оның төртеуі қолмен сынама алуға, ал екеуі автоматтандырылған режимде бақылау жүргізуге арналған. Бұл бекеттер қаладағы ауа сапасының көрсеткіштерін қадағалап, қоршаған орта жағдайын бағалауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда атмосфераға таралатын шығарындыларды онлайн режимде бақылауға арналған автоматтандырылған мониторинг жүйелері енгізілген. Қазіргі уақытта мұндай жүйелер 4 ірі кәсіпорында жұмыс істейді. Аталған тетіктер өндірістік шығарындыларды үздіксіз бақылауға және экологиялық талаптардың орындалуын қадағалауға мүмкіндік береді.

Қаладағы атмосфералық ауа сапасына әсер ететін негізгі факторлардың бірі — автокөлік шығарындылары. Бүгінде Шымкентте 534 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Осыған байланысты көлік құралдарынан бөлінетін зиянды шығарындыларды бақылау мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.

Прокуратураның ұсынысы негізінде Полиция департаментімен бірлесіп жүргізілген іс-шара барысында 109 автокөлік тексерілген. Тексеру нәтижесінде белгіленген талаптардың сақталуына қатысты тиісті әкімшілік шаралар қабылданған.

Экологиялық бақылау өндірістік кәсіпорындар мен автокөліктерді тексерумен ғана шектелмейді. Департамент тарапынан атмосфералық ауаға кері әсер ететін факторларды анықтау, экологиялық заңнама талаптарының орындалуын қамтамасыз ету және анықталған кемшіліктерді жою бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Мамандардың айтуынша, атмосфералық ауа сапасын тұрақты бақылау — қала тұрғындарының денсаулығын қорғау мен қолайлы экологиялық орта қалыптастырудың маңызды тетігі. Осы бағыттағы мониторингтік және алдын алу шаралары алдағы уақытта да жалғасып, қоршаған ортаның жай-күйін бақылау жұмыстары тұрақты назарда болады.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*