1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «Отбасын қолдау орталығында» «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» атты тағылымды іс-шара өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – үлкенді құрметтеу, қарттардың өнегелі өмір жолын дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және отбасындағы сыйластық құндылықтарын насихаттау.
Іс-шараға «Отбасын қолдау орталығының» директоры А. Калымбет, Әжелер кеңесінің төрайымы К. Лаханқызы және Әжелер кеңесінің мүшелері қатысты.
Ақ жаулықты әжелеріміз өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, салт-дәстүр, отбасы тәрбиесі мен ұлттық құндылықтардың маңыздылығы жөнінде тағылымды әңгімелер айтты.
Қарты бар үйдің – қазынасы бар» демекші, үлкендердің батасы мен өнегесі – кейінгі ұрпаққа қалатын баға жетпес рухани мұра. Барша қарияларымызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық пен береке тілейміз! Ақ баталарыңыз бен ақыл-кеңестеріңіз әрдайым ұрпаққа жол көрсетсін!
Отбасылық құндылықтарды нығайтуда аға буын өкілдерінің орны ерекше. Қарияларымыздың өмірлік тәжірибесі, парасатты пайымы мен өнегелі істері жас ұрпақтың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастырып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін жалғастыруға ықпал етеді. Сондықтан қарттарды құрметтеу – ұлттық тәрбиенің ажырамас бөлігі.
Қоғамдағы отбасылық саясаттың маңызды бағыттарының бірі – ұрпақтар арасындағы байланысты сақтау және отбасы мүшелерінің өзара жауапкершілігін арттыру. Отбасындағы татулық пен сыйластық, үлкендердің ақыл-кеңесіне құлақ асу және ұлттық дәстүрлерді дәріптеу қоғамның рухани тұрақтылығын нығайтуға негіз болады.
Сонымен қатар, қарттардың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау және жалғызбасты қарттарға қолдау көрсету де маңызды. Қарияларға қамқорлық таныту – тек отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Олардың өмірлік тәжірибесі мен даналығын бағалау арқылы ұрпақтар сабақтастығын одан әрі дамытуға болады.
Әжелер кеңесінің өкілдерімен өткізілетін осындай тағылымды кездесулер ұлттық тәрбие мен отбасылық дәстүрлерді насихаттауға мүмкіндік береді. Әжелердің өнегелі әңгімелері мен ақыл-кеңестері жастардың бойында ізгілік, мейірімділік, жауапкершілік және отбасына деген құрмет сезімдерін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Отбасылық құндылықтарды сақтау, үлкенге құрмет көрсету және кейінгі ұрпаққа ұлттық мұраны аманаттау – болашаққа бағытталған маңызды міндет. Қарияларымыздың қадірін біліп, олардың ақылын тыңдау арқылы берекелі отбасы мен мейірімді қоғам қалыптастыруға үлес қоса аламыз.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары