Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!»

«Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!»

Шымкент қаласында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және зорлық-зомбылыққа жол бермеу мақсатында «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шара барысында отбасындағы жанжалдардың алдын алуға, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін анықтауға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, тұрғындарға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда көмекке жүгіну жолдары түсіндірілуде.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту мен отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғаудың маңызды бағыттарының бірі. Отбасындағы өзара сыйластық, түсіністік пен жауапкершілікті қалыптастыру, балалардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне жағдай жасау және әр адамның қадір-қасиетін құрметтеу зорлық-зомбылықсыз қоғам құруға негіз болады.

Сондай-ақ, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, ана мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қиын жағдайға тап болған отбасыларға дер кезінде қолдау көрсету мәселелеріне ерекше мән беріледі. Мұндай профилактикалық жұмыстар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, отбасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алуға ықпал етеді.

Полиция қала тұрғындары мен қонақтарын отбасындағы зорлық-зомбылық фактілеріне немқұрайлы қарамауға, құқық бұзушылық белгілері байқалған жағдайда тиісті органдарға хабарлауға шақырады. Зорлық-зомбылықты жасырудың орнына, дер кезінде көмек сұрау – адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызды қадамы.

Егер зорлық-зомбылыққа немесе құқық бұзушылыққа куә болсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласыңыз.

Сонымен бірге, Шымкент қаласы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен және «Отбасын қолдау орталығы» КММ мамандарының қатысуымен 2026 жылғы 23–25 қыркүйек аралығында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған «Қауіпсіздік коды: 102, 111, 150» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды.

Аталған іс-шараның мақсаты – әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және тұрмыстық жанжалдардың алдын алу. Іс-шара аясында тұрғындарға құқықтық кеңестер беріліп, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ақпараттық жадынамалар таратылды. Сонымен қатар, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қауіп-қатер туындаған жағдайда көмекке жүгінудің жолдары туралы ақпарат берілді.

Қауіпсіз қоғам құру – баршамызға ортақ міндет. Зорлық-зомбылыққа бірге тосқауыл қояйық!

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*