Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Шымкентте мәдениет саласында тоғыз айда атқарылған жұмыстар қорытындыланды

Шымкентте мәдениет саласында тоғыз айда атқарылған жұмыстар қорытындыланды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынбасарұлы Орынтаев 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында атқарылған жұмыстардың нәтижелерін таныстырды.

Қазіргі таңда басқармаға қарасты 22 мәдениет мекемесі қала тұрғындары мен қонақтарына мәдени қызмет көрсетіп келеді. Есепті кезеңде мәдени-көпшілік және ресми бағыттағы 4 814 іс-шара ұйымдастырылып, оларға 3 миллионнан астам адам қатысты. Аталған шаралардың қатарында екі республикалық және 55-тен астам мемлекеттік әрі мерейтойлық іс-шара бар. Сондай-ақ мемлекеттік мерекелерге арналған концерттер, шығармашылық кештер, ақындар айтысы, әдеби-танымдық кездесулер мен түрлі көрмелер өткізілді. Бұдан бөлек, 2024 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Шымқала кештері» жобасы аясында қала саябақтары мен ашық алаңдарда демалыс күндері тұрақты түрде концерттік бағдарламалар ұйымдастырылуда.

Есепті мерзімде қаладағы жеті театрда 22 жаңа спектакльдің тұсауы кесіліп, 846 қойылым мен 14 концерт көрермен назарына ұсынылды. Нәтижесінде театр өнерімен 157 353 көрермен қамтылды. Ал «Шымкент-цирк» ұжымы екі премьера мен 47 қойылым ұсынып, 30 855 көрерменге қызмет көрсетті. Түркістан және Қызғалдақ сарайларында, сондай-ақ 10 мәдениет үйінде барлығы 504 іс-шара өткізіліп, оған 148 553 адам қатысты. Сонымен қатар концерттік-көрме орталығында өткен 37 мәдени шараны 48 050 адам тамашалады.

Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің қорында бүгінде 32 103 экспонат сақтаулы. Олардың 27 186-сы электронды форматқа көшірілген. Тоғыз ай ішінде музей бөлімдерінде 29 көрме, 1 646 экскурсия және 17 көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, жалпы саны 40 318 келуші қамтылды. Сонымен бірге музей қорындағы тағы 306 экспонат цифрлық форматқа енгізілді.

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы да ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмысын жалғастыруда. Есепті кезеңде орталықта тоғыз іс-шара өткізіліп, 182 экскурсия ұйымдастырылды. Мекеменің негізгі қызметі – ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу және рухани мұраны кеңінен насихаттау.

Қала аумағында қазіргі уақытта 188 тарихи-мәдени мұра нысаны тіркелген. Олардың 70-і археологиялық ескерткіш болса, тоғызы сәулет ескерткішіне, үшеуі киелі нысандарға, ал 106-сы монументтік өнер құрылыстарына жатады. Аталған мұра нысандарының ішінде жеті ескерткіш республикалық, ал сегізі жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілген.

Басқарма өкілдерінің мәліметінше, жыл соңына дейін қалада мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жалғасады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*