Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » «Қазақ қыздарының ұлттық коды» шығармашылық кеш өтті

«Қазақ қыздарының ұлттық коды» шығармашылық кеш өтті

Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында ардақты ұстаз, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Анар Шаймаханқызы Досбенбетованың ғылыми педагогикалық жолымен таныстыратын «Қазақ қыздарының ұлттық коды» тақырыбында шығармашылық кеш өтті.

«Томирис» қыздар клубының негізін қалап, қазақтың ұлттық коды, қазақ этнопедагогикасына өзінің мол үлесін қосқан ғалым-ұстаз 400-ге жуық ғылыми еңбектердің авторы.

Кешке ғалым-ұстаз еңбек ететін еліміздегі іргелі білім ордаларының бірі Ж.А Тәшенев атындағы университеттің п.ғ.д., профессор ҚР ҰҒА академигі, басқарма төрағасы Оңалбай Аяшұлы Аяшев бастаған профессор – оқытушылар құрамы қатысып, өздерінің жүрекжарды жылы лебіздерін жеткізіп, мағыналы естеліктерімен бөлісті.

Тағылымы мол кешке кітапхана оқырмандары, студент жастар, мектеп оқушылары да қатысты.

Кеш барысында Анар Шаймаханқызының қазақ қыздарының тәрбиесі, ұлттық болмысын сақтау, рухани құндылықтарды дәріптеу бағытындағы еңбектерінің маңызы кеңінен сөз болды. Ғалымның ғылыми-педагогикалық қызметі мен өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа үлгі ретінде ұсынылды.

Қазақ қызының бойындағы ибалық, ізеттілік, парасаттылық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар ұлттық тәрбие арқылы қыз балалардың бойына ана тілін, салт-дәстүрді, мәдени мұраны құрметтеу сезімін сіңіру мәселелері қозғалды.

Кездесу мазмұны қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасы тәрбиесінің рөлін арттыру және ұлттық тәлім-тәрбиені кейінгі ұрпаққа жеткізу міндеттерімен сабақтасты. Өйткені отбасы – адамгершілік пен ізгіліктің бастауы, ал қыз тәрбиесі – ұлт болашағына әсер ететін маңызды құндылықтардың бірі.

Сондай-ақ отбасылық және гендерлік саясат аясында қыз балаларға сапалы білім берудің, олардың қабілеттерін дамытуға мүмкіндік жасаудың, қоғам өміріне белсенді араласуына қолдау көрсетудің маңызына назар аударылды. Қыз баланың білімі мен тәрбиесіне мән беру – оның жеке тұлға ретінде қалыптасуына және қоғамның дамуына ықпал ететін маңызды қадам.

Осындай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін қалыптастырып, рухани мұраға деген құрметін арттыруға ықпал етеді. Ғалым-ұстаздың өмір жолы мен еңбектері жастарды білімге ұмтылуға, ізденуге, ел игілігі үшін қызмет етуге үндейді.

Кеш соңында қатысушылар мазмұнды жүздесудің маңыздылығын атап өтіп, Анар Шаймаханқызына шығармашылық табыс, зор денсаулық және ғылыми-педагогикалық қызметіне толағай жетістіктер тіледі. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, қазақ қыздарының рухани әлемін байытуға бағытталған игі бастамалар жалғасын таба берсін!

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*