Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Шымкентте мәдени мұраны сақтау мен мемлекеттік тілді дамыту жұмыстары жалғасуда

Шымкентте мәдени мұраны сақтау мен мемлекеттік тілді дамыту жұмыстары жалғасуда

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынбасарұлы Орынтаев 2026 жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндады. Қалада мәдени мұраны сақтау, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, кітапхана және архив салаларын дамыту, сондай-ақ шығармашылық ұжымдардың халықаралық байланыстарын нығайту бағытында жұмыстар жүргізілуде.

2026 жылдың қаңтар-шілде айларында басқармаға қарасты шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар халықаралық фестивальдер мен байқауларға қатысты. «Қазына» халық би ансамблі Мысыр, Өзбекстан, Чехия және Түркияда өнер көрсетсе, «Қаған», «Қаратау» және «Яссы» ұжымдары Германия, Грузия мен Словениядағы мәдени іс-шараларға қатысты. Наманганда өткен III Халықаралық Мақом өнер байқауында «Қаған» этно-фольклорлық ансамблі екінші орын иеленді. Республикалық байқауларда Фариза Беймаханбет пен Асылбек Бейсов Бас жүлдеге ие болса, Алмасқожа Музаппаров пен Дәулет Оңғар үшінші орын алды.

Цирк өнерпаздары да халықаралық деңгейде жетістіктерге жетті. Сергей Мұстафиннің командасы Қытайдағы халықаралық цирк фестивалінде арнайы жүлде иеленді. Алматыда өткен IV «Almaty Circus Festival» фестивалінде «Шымкент циркінің» әртістері қола жүлдеге қол жеткізсе, 20 қыркүйекте Душанбеде ұйымдастырылған «Мир цирка объединяет сердца» фестивалінде алтын жүлдені жеңіп алды. Шымкент қалалық Өзбек драма театры Тараздағы халықаралық актерлік өнер фестивалінде «Дара» медалімен марапатталды. Ал қалалық Әзіл-сықақ және сатира театры республикалық байқауда арнайы жүлдеге ие болды. Жалпы, есепті кезеңде шымкенттік өнерпаздар 10 халықаралық мәдени іс-шара мен фестивальге қатысты.

Қазіргі таңда Шымкентте 4 116 көше бар. Оның 224-інің атауы жоқ, 44 көшенің атауы қайталанады, ал 226 көше атауы идеологиялық тұрғыдан ескірген. Биыл Кеңес Одағының батырлары Тоғанбай Қауымбаев пен Лесбек Жолдасовтың есімдерін көшелерге беру туралы ұсыныстар Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданды.

Қала тұрғындарының мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткіші 98,6 пайызды құрайды. Тоғыз айда тілдерді оқыту-әдістемелік орталығында 1 290 адам курстардан өтті. Оның ішінде 679 адам қазақ тілін, 114 адам орыс тілін, 497 адам ағылшын тілін үйренуде. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында түрлі байқаулар, семинарлар, дөңгелек үстелдер мен форумдар ұйымдастырылды.

Архив құжаттарын цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. 2026 жылға жоспарланған 750 мың парақтың 591 832-сі есепті кезеңде цифрландырылды. Архив саласындағы мемлекеттік қызметтер бойынша 8 502 өтінім қаралды.

Қала кітапханаларына тоғыз айда 219 997 оқырман тартылып, келушілер саны 1 миллион 495 мыңнан асты. Кітап оқуды насихаттау және әдеби-мәдени құндылықтарды дәріптеу мақсатында 1 397 іс-шара өткізіліп, оқырмандарға 3 миллионнан астам кітап берілді. Қазіргі уақытта кітапханалардың жалпы қоры 1 миллион 862 мың 829 дананы құрайды.

Алдағы уақытта қалада ұлттық өнерді дәріптеу, мәдени мұраны сақтау, мемлекеттік тілді дамыту, архив құжаттарын цифрландыру және кітапхана қызметін жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*