Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Шымкент жастары тазалық акциясына қатысты

Шымкент жастары тазалық акциясына қатысты

Шымкентте қоршаған ортаны қорғау, қала тазалығын сақтау және қоғамдық орындарды күтіп ұстау бағытындағы экологиялық бастамалар жалғасуда. Бұл жұмыстарға жастар мен еріктілерді тарту арқылы тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға басымдық берілуде.

Шымкентте «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясындағы кезекті акция өтті. Қала тазалығын сақтау мен вандализмнің алдын алуға бағытталған шара барысында еріктілер Бауыржан Момышұлы ескерткішінің маңын тазалады. Акцияға 15 жас белсене қатысты. Алдағы уақытта мұндай жұмыстар Абай Құнанбаев ескерткіші аумағында жалғаспақ.

«Таза Қазақстан» бағдарламасының мәні – көше мен қоғамдық орындарды таза ұстаумен шектелмейді. Басты мақсат – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраға жанашырлықпен қарау, туған қалаға деген жауапкершілікті арттыру. Осы ретте ескерткіштерді күтіп ұстау мен вандализмге жол бермеуге басымдық беріліп отыр.

Жыл басынан бері бағдарлама аясында қалада 64 іс-шара ұйымдастырылған. Оған жастар мен еріктілердің белсене атсалысуы азаматтық белсенділікті арттырып қана қоймай, тазалық пен тәртіп, қоғамдық мүлікке құрметпен қарау сынды құндылықтарды дәріптеуге сеп болып отыр.

Жастар ресурстық орталығының маманы, ерікті Жазира Омарованың айтуынша, мұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор.

«Бұл акциялардың қала үшін маңызы ерекше. Олар тазалықты сақтаумен қатар, жастардың бойында қоршаған ортаға, тарихи мұраға деген жауапкершілікті қалыптастырады. Қуантатыны – қатарға жастар көптеп қосылып жатыр. Олар өз ісімен әрбір азамат қала көркіне үлес қоса алатынын дәлелдеуде. Мұндай бастамалар алдағы уақытта да жастардың басын біріктіріп, тұрғындарды ортақ кеңістікке ұқыпты қарауға жетелейді деп сенеміз», – дейді ол.

Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және тарихи-мәдени нысандарды қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл ретте тұрғындарды, әсіресе жастарды табиғатты аялауға, қала келбетіне жауапкершілікпен қарауға және қоғамдық мүлікті қорғауға шақыратын түрлі бастамалар жүзеге асырылып келеді.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы мұндай акциялар жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, ортақ іске жұмылуына мүмкіндік береді. Әрбір тұрғынның тазалыққа үлес қосуы мен тарихи мұраға құрметпен қарауы қаланың көркеюіне және келер ұрпаққа таза әрі жайлы орта қалдыруға негіз болады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, абаттандыру және ескерткіштерді қорғау бағытындағы жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*