Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » Жастармен кездесуде отбасылық құндылықтар, демографиялық саясат және  қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды

Жастармен кездесуде отбасылық құндылықтар, демографиялық саясат және  қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды

Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жастар үшін маңызды, қоғамдағы өзекті мәселелерді қамтыған мазмұнды кездесу өтті.

Жиында жастар арасындағы жұмыссыздық, отбасылық және демографиялық саясат, дін мәселелері, сондай-ақ қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі — лудомания мен отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыптары талқыланды.

Кездесудің басты мақсаты — жастардың құқықтық және әлеуметтік сауаттылығын арттырып, жұмыспен қамту, отбасылық құндылықтарды нығайту, діни сауаттылықты дамыту және түрлі қауіп-қатерлердің алдын алу бағытында пайдалы ақпарат беру.

Кездесуге Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Есенғали Расулбеков, Шымкент қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жандосова, Әл-Фараби ауданы бойынша жұмыс іздеушілерді қолдау секторының басшысы Бише Бекзат, Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының Қоғамдық қауіпсіздік бөлімі, отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторы, полиция капитаны Әсемай Анарбаева, Шымкент қаласы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Нұрхан Әбдіманап қатысты.

Кездесу барысында қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту жөніндегі саясатқа да ерекше назар аударылды. Отбасы — қоғамның негізгі тірегі, ал оның тұрақтылығы мен берекесі ұрпақ тәрбиесіне, өзара сыйластық пен жауапкершілікке тікелей байланысты. Осы тұрғыда жастар арасында отбасына деген құрметті қалыптастыру, отбасылық қарым-қатынаста түсіністік пен сенімді нығайту мәселелерінің маңыздылығы атап өтілді.

Мамандар өз салалары бойынша маңызды ақпарат ұсынып, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі, лудоманияның зияны, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, діни сауаттылық және қиын жағдайға тап болған кезде тиісті мамандардан көмек сұраудың маңызы туралы түсіндірді.

Әсіресе, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық бұзушылықтарға жол бермеу және қиын жағдайға тап болған адамдарға дер кезінде қолдау көрсету мәселелеріне көңіл бөлінді. Сонымен қатар жастарға өз құқықтарын білу, қауіп-қатерлерді дұрыс бағалау және қажетті жағдайда көмекке жүгіну жолдары түсіндірілді.

Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Мұндай кездесулер жастардың қоғамдық мәселелерге деген көзқарасын қалыптастыруға, құқықтық және әлеуметтік сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды дәріптеп, қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін нығайтуға ықпал етеді.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*