Шымкент қаласына халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға белсенді үлес қосып жүрген кәсіпкер әйелдер мен қоғам қайраткерлерінен құралған делегация келді.
Делегация өкілдері Германияда кәсіпкерлерді, дизайнерлер мен қолөнер шеберлерін біріктіретін еркін сауда алаңы — шоурумды дамытуда. Бұл алаң отандық өндірушілердің өнімдерін шетелдік тұтынушыларға таныстыруға және халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік береді.
Сапардың басты мақсаты — жергілікті қолөнершілермен және креативті индустрия өкілдерімен танысу, жаңа серіктестер табу, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыру, тәжірибе алмасу және ұзақ мерзімді халықаралық байланыстар орнату.
Кездесуде Шымкент қаласының қолөнер саласындағы әлеуеті, жергілікті шеберлердің туындылары мен креативті өнімдерін кеңінен таныстыру мүмкіндіктері қарастырылды. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастықты нығайту арқылы жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Ерекше назар жергілікті шеберлердің өнімдерін Еуропа нарығына шығару және Германиядағы шоурум арқылы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға аударылды. Мұндай серіктестік отандық қолөнер бұйымдарын шетелдік аудиторияға таныстырып қана қоймай, шеберлердің тәжірибе алмасуына да жол ашады.
Сондай-ақ креативті индустрия өкілдері үшін халықаралық байланыстар орнату, өнімдерді ілгерілетудің жаңа тәсілдерін меңгеру және шетелдік нарықтың талаптарымен танысу маңызды. Мұндай кездесулер Шымкент қаласының креативті индустрия өкілдеріне жаңа мүмкіндіктер ашып, жергілікті брендтер мен қолөнершілердің халықаралық нарыққа шығуына жол ашады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары