Шымкентте әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және кәсіпкер әйелдер арасындағы іскерлік байланысты нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің тоғызыншы отырысында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, Кеңес қызметін жаңа форматта ұйымдастыру мәселесі қаралды.
Жиынға Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева төрағалық етті. Күн тәртібінде 2026 жылдың III тоқсанындағы жұмыс нәтижелері, алдағы Әйелдер конгресін өткізу және Кеңес құрамына жаңа мүшелерді қабылдау мәселелері талқыланды.
Отырыста әйелдер кәсіпкерлігін дамытуда тәжірибе алмасудың, іскерлік байланыстарды нығайтудың және бизнесте кездесетін мәселелерді бірлесіп шешудің маңыздылығы атап өтілді. Сондай-ақ III тоқсанда бизнес-қоғамдастық, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен кездесулер мен іс-шаралардың нәтижелері сараланды.
Жиынның маңызды тақырыптарының бірі — Кеңес жұмысын жаңа форматта ұйымдастыру болды. Кеңес төрайымының орынбасары Нилюфар Сайдуллаева ұсынған тұжырымдамаға сәйкес, аудандық қағидаттан бас тартып, бірыңғай қалалық құрылымға көшу көзделіп отыр. Жаңа тәсіл Кеңес мүшелерінің қызметін нақты басым бағыттар бойынша ұйымдастырып, жауапкершілік аймақтарын айқындауға мүмкіндік береді.
Кеңестің жаңартылған жұмыс форматы әртүрлі салада еңбек ететін кәсіпкер әйелдердің тәжірибесі мен әлеуетін біріктіріп, ортақ бастамаларды жүйелі жүзеге асыруға бағытталған. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдау, жаңа нарықтарға шығу, кәсіби құзыреттерді дамыту және әйелдерді кәсіпкерлікке тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар жаңа бизнес бастамаларды дамыту, кәсіби өсуге жағдай жасау және тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Мұндай байланыстар кәсіпкер әйелдерге жаңа серіктестер табуға, практикалық білім алуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға жол ашады.
Отырыста Кеңестің жаңа мүшелері де таныстырылды. Олар өздерінің кәсіби қызметі мен негізгі жұмыс бағыттары туралы айтып, алдағы бастамаларға белсенді қатысуға дайын екендерін білдірді.
Іскер әйелдер кеңесінің бірыңғай қалалық форматқа көшуі Шымкенттегі кәсіпкер әйелдердің әлеуетін біріктіріп, олардың іскерлік белсенділігін арттыруға бағытталған. Жаңа құрылымның тиімді ұйымдастырылуы әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға, тәжірибе алмасуды дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктер ашады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары