Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында Іскер әйелдер қауымдастығы мен Әйелдер күші альянсының жұмыс кездесуі өтті. «Қорытынды. Мүмкіндіктер. Болашақ» тақырыбында ұйымдастырылған жиынға Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, Қауымдастықтың Шымкент қаласы бойынша төрайымы Ранахан Ашурметова, Өңірлік кеңестің мүшесі Нилуфар Сайдуллаева, кәсіпкер әйелдер мен ұйым өкілдері қатысып, бірлескен жұмыстың басым бағыттарын талқылады.
Кездесудің ашылуында Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова Палатаның қызметімен таныстырып, кәсіпкерлерді, оның ішінде іскер әйелдерді қолдау шараларына тоқталды.
Ранахан Ашурметова Іскер әйелдер қауымдастығының жаңарған құрылымымен таныстырып, алда атқарылар жұмыс туралы таныстырып өтті.
Жиын барысында әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, іскер әйелдердің әлеуетін арттыруға және олардың кәсіби өсуіне мүмкіндік беретін бастамаларға ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар кәсіпкер әйелдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, ортақ жобаларды жүзеге асыру арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашу мәселелері қарастырылды.
Кездесуде «Жас қанаттар» жастар қанаты, «Жас көшбасшылар мектебі», «Іскерлік байланыстар», «Халықаралық іскерлік байланыстар», «Менторинг» және «Мастермайнд» бағдарламаларының мүмкіндіктері де күн тәртібіне шығарылды. Аталған бағыттар кәсіпкерлік ортадағы тәжірибе алмасу, кәсіби байланыстарды дамыту және көшбасшылық қабілеттерді жетілдіру мәселелерімен сабақтас.
Кездесудің соңында қатысушылар өзара ынтымақтастықты нығайту, кәсіпкер әйелдерді қолдау және алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындау мәселелерін талқылады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары