Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ ТӘРБИЕСІ: ДӘСТҮР МЕН ЗАМАН ҮНДЕСТІГІ

ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ ТӘРБИЕСІ: ДӘСТҮР МЕН ЗАМАН ҮНДЕСТІГІ

Шымкент қаласындағы Саттар Ерубаев атындағы №24 IT мектеп-лицейінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қыз бала тәрбиесінің маңызын түсіндіру және оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамыту мақсатында тақырыптық дебат өткізілді.

Дебат барысында оқушылар қазақ қоғамындағы қыз тәрбиесіне қатысты дәстүрлі құндылықтардың бүгінгі қоғамдағы орны мен маңызын талқылады. Қатысушылар ұлттық тәрбие, инабаттылық, үлкенге құрмет, отбасылық жауапкершілік, сондай-ақ дәстүр мен заманауи көзқарастың үйлесуі жөнінде пікір алмасты.

Отбасылық құндылықтарды нығайту – қоғам тұрақтылығының маңызды негізі. Қыз балаға дұрыс тәрбие беру, оның құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сапалы білім алуына жағдай жасау отбасылық және гендерлік саясаттың негізгі бағыттарымен сабақтасады. Сонымен қатар, ана мен баланы қорғау, әйелдердің қоғам өміріне белсенді қатысуына мүмкіндік беру және олардың әлеуетін қолдау мәселелері де ерекше маңызға ие.

Қоғамдағы әйелдердің рөлі отбасы тәрбиесімен ғана шектелмейді. Әйелдер білім, ғылым, мәдениет және басқа да салаларда ел дамуына үлес қосып келеді. Ал отбасының әл-ауқаты, ана мен баланың жағдайы және жас ұрпақ тәрбиесі демографиялық саясатпен тығыз байланысты.

Пікірсайыс барысында қатысушылар өз ұстанымдарын дәлелдермен негіздеп, қарсы тараптың пікіріне құрметпен қарау және ойын жүйелі жеткізу қабілеттерін көрсетті.

Осындай пікірсайыстар оқушылардың азаматтық ұстанымын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға және өз көзқарасын еркін білдіруіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге, олар жасөспірімдердің отбасы, қоғам, әйелдердің рөлі және ұрпақ тәрбиесі жөніндегі түсінігін кеңейтіп, маңызды әлеуметтік мәселелерді сыни тұрғыдан талқылау мәдениетін дамытуға ықпал етеді.

Қыз тәрбиесі – бір отбасының ғана емес, тұтас ұлттың болашағына әсер ететін маңызды мәселе. Ұлттық тәрбиенің озық үлгілерін жас ұрпақтың бойына сіңіру арқылы салт-дәстүрін құрметтейтін, саналы, парасатты әрі жауапкершілігі жоғары азаматтарды қалыптастыруға болады. Бұл ретте дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу адам құқықтарын құрметтеумен, отбасы мүшелерінің өзара теңдігімен және әр адамның қадір-қасиетін бағалаумен қатар жүруі тиіс.

Ұлттық құндылық – ұрпаққа аманат, қыз тәрбиесі – ел болашағына жауапкершілік!

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*