Шымкент қаласында Халықаралық қарттар күніне орай бес ауданның ардагерлері қатысқан спорттық турнир ұйымдастырылды. Биыл сегізінші рет өткен жарысқа барлығы 60 адам қатысып, аға буын өкілдері өзара бақ сынады. Турнирдің ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз сөйлеп, қалалық ардагерлер кеңесінің қызметіне тоқталды. Ол қоғамдағы ардагерлердің орнын атап өтіп, олардың еңбегін бағалап, құрмет көрсету маңызды екенін жеткізді.
Қала ардагерлері қоғамдық өмірге белсенді араласып, өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп келеді. Олар денсаулықты күту, өзара қолдау және белсенді өмір салтын ұстану құндылықтарын насихаттап, қаланың қоғамдық дамуына өз үлестерін қосуда. Осындай спорттық шаралар аға буын өкілдерінің басын қосып қана қоймай, олардың ортақ қызығушылықтарын дамытуға да мүмкіндік береді.
Турнир бағдарламасына спорттың бес түрі – бильярд, үстел теннисі, шахмат, дойбы және волейбол енгізілген. Қатысушылар алдымен өз аудандарында іріктеу кезеңінен өтіп, үздік нәтиже көрсеткендері қалалық финалда бақ сынады. Жарыстарды өткізу үшін қажетті спорт залдары дайындалды. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, оларға медальдар, кубоктар мен грамоталар табысталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің басты мақсаты жүлделі орындарды иеленумен шектелмейді. Негізгі міндет – ардагерлер арасында спортқа деген қызығушылықты арттыру, тұрақты дене белсенділігін қалыптастыру және денсаулықты нығайту. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев жарыстың маңызына тоқталып, аға буын өкілдерінің жиі кездесіп, спортпен айналысуына және қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
Оның сөзінше, мұндай жарыстар қалада тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Жылдар бойы қалыптасқан дәстүр әртүрлі ауданда тұратын ардагерлерді ортақ мақсат пен қызығушылық төңірегінде біріктіріп, олардың өзара қарым-қатынасын нығайтуға ықпал етуде.
Ардагерлердің белсенділігі мен өмірге деген құлшынысы – кейінгі ұрпаққа үлгі. Олардың қоғамдық шараларға қатысуы салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, жастардың үлкенге құрмет көрсетуіне және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға жол ашады. Сондықтан аға буынның бастамаларын қолдау мен олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары