Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, ұлттық егемендікті нығайту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы басым міндеттерге тоқталды.
Мемлекет басшысы қазіргі әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделенуі мен жаһандық сын-қатерлердің артуы жағдайында ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау, қоғамдық бірлік пен келісімді нығайту маңызды екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, тұрақты даму мен реформалардың нәтижелі жүзеге асуы қоғамдағы татулыққа, талап пен тәртіпке және азаматтардың ортақ мақсат жолындағы белсенділігіне байланысты. Осы ретте мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау органдарына жүктелетін жауапкершілік те ерекше.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның алдағы даму бағдарын айқындай отырып, болашақ ұрпаққа экономикасы қуатты, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заң үстемдігі қамтамасыз етілген және халықаралық аренадағы ықпалы жоғары мемлекет қалдыру стратегиялық міндет екенін жеткізді.
Жолдауда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселесіне де басымдық берілді. Мемлекет басшысы азаматтарды қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ел дамуының маңызды шарты екенін атап өтті.
Осыған байланысты Қазақстанның барлық өңірінде құрылыс жұмыстарын жандандырып, инфрақұрылымдық жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігі айтылды. Әсіресе денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларындағы нысандарға деген қажеттілікті жан-жақты зерттеп, нақтылау міндеті қойылды.
Президент өңірлердің қажеттіліктерін егжей-тегжейлі талдау арқылы әлеуметтік нысандарды жоспарлау мен салу жұмыстарын тиімді ұйымдастырудың маңызын атап өтті. Бұл тәсіл халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.
Жолдауда белгіленген міндеттер елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға және болашақ ұрпақ үшін мүмкіндіктері мол Қазақстан қалыптастыруға бағытталған.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары