Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » Ұлы мұрадан жарқын болашаққа: университетте жаңа оқу корпусы ашылды

Ұлы мұрадан жарқын болашаққа: университетте жаңа оқу корпусы ашылды

Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде жаңа оқу корпусының салтанатты ашылу рәсімі өтті. «Ұлы мұрадан жарқын болашаққа» тақырыбында ұйымдастырылған салтанатты шара білім ордасының даму жолындағы елеулі оқиға ғана емес, отандық жоғары білім беру саласын өркендетуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.

Тағылымды жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының жетекшілері, білім мен ғылым саласының өкілдері, ардагер ұстаздар, зиялы қауым мүшелері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жалпы көлемі 3000 шаршы метр болатын бес қабатты жаңа оқу ғимараты заманауи талаптарға сәйкес салынған. Жаңа корпус білім алушылар мен оқытушыларға сапалы білім беру және нәтижелі ғылыми жұмыс жүргізу үшін барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Ғимаратта оқу үдерісін заманауи технологиялармен ұштастыруға арналған бірқатар инновациялық нысан қарастырылған. Олардың қатарында мультимедиялық мүмкіндіктері кең Media Hub студиясы, лингафон кабинеті, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін «Софи» виртуалды көмекшісі, кітапхана, академик Ә. Қуатбеков атындағы ғылыми-зерттеу орталығы және студенттердің білімін жетілдіруге арналған арнайы оқу аймақтары бар. Бұған қоса, ғимарат ішінде қабаттар арасында еркін қатынауға мүмкіндік беретін заманауи лифт жүйесі орнатылған.

Жаңа корпустың басты артықшылықтарының бірі – білім беру саласына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кеңінен енгізу. Сонымен қатар мұнда студенттердің зерттеу жұмыстарымен айналысуына, шығармашылық әлеуетін дамытуына және жаңа технологияларды тәжірибе жүзінде меңгеруіне қажетті мүмкіндіктер жасалған.

Іс-шара барысында университет ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Рабиға Әбдімұсақызы Қуатбекова сөз сөйлеп, жаңа оқу ғимаратының пайдалануға берілуі жоғары оқу орнының тарихындағы маңызды кезең екенін атап өтті.

Сондай-ақ жиында Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Құлбек Ергөбек пен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Әділбекұлы Төлеген құттықтау лебіздерін білдіріп, университет ұжымына табыс пен толағай жетістіктер тіледі.

Салтанатты ашылу рәсімінен соң құрметті қонақтар жаңа оқу корпусын аралап, ондағы білім беру және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымының мүмкіндіктерімен танысты.

Атап айтқанда, меймандарға академик Ә. Қуатбековтің ғылыми әрі рухани мұрасына арналған арнайы кеңістік, лингафон кабинеті, интерактивті Media Hub студиясы, кітапхана және ғылыми-зерттеу орталығы таныстырылды. Сонымен қатар аталған нысандардың оқу үдерісінде қолданылу ерекшеліктері мен мүмкіндіктері көрсетілді.

Әсіресе, ғимаратта енгізілген цифрлық шешімдер, жасанды интеллект технологиялары, инновациялық оқыту әдістері және ғылыми ізденістерге арналған заманауи жағдайлар қонақтардың қызығушылығын арттырды.

Жаңа оқу корпусының ашылуы – университеттің материалдық-техникалық базасын нығайтумен қатар, білім мен ғылымның дамуына бағытталған маңызды инвестиция. Бұл бастама жас ұрпақтың сапалы білім алуына, кәсіби біліктілігін арттыруына және ғылыми әлеуетін жүзеге асыруына тың мүмкіндіктер ашады.

Академик Әбдімұса Қуатбеков негізін қалаған білім ордасы тарихи сабақтастығын сақтай отырып, заманауи жаңашылдықтарға да басымдық беріп келеді. Бүгінде университет дәстүрлі білім беру құндылықтарын инновациялық технологиялармен ұштастырып, ғылым мен білім саласындағы жаңа белестерді бағындыруға бағыт алған.

Осы тұрғыдан алғанда, жаңа ғимараттың ашылуы университет өміріндегі кезекті қуанышты жаңалық қана емес, білім беру жүйесін жетілдіру мен болашақ мамандарды даярлаудың жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды қадам. Мұнда ғылым, білім, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері өзара сабақтасып, студенттердің жан-жақты дамуына негіз қалайды.

Жаңа оқу корпусы құтты болсын! Білім ордасының мерейі үстем болып, ғылым мен білім жолындағы жетістіктері арта берсін!

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*