Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда Отбасы күніне арналған апталық аясында отбасы құндылықтарын нығайту, ата-аналардың құқықтық және медициналық сауаттылығын арттыру бағытында бірқатар ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізілді.
Атап айтқанда, №4 және №6 қалалық емханаларда ата-аналар мен тұрғындардың қатысуымен кездесулер ұйымдастырылды.
№4 емханада «Дені сау ұрпақ: бірге өсеміз» тақырыбында Ашық есік күні өтіп, психолог, жалпы тәжірибелік дәрігер және гинеколог мамандары тұрғындарға бала денсаулығы, дұрыс тамақтану, психологиялық ахуал, репродуктивті денсаулық және отбасын саналы жоспарлау мәселелері бойынша кеңес берді.
Сонымен қатар, зорлық-зомбылықтың алдын алу, сталкингке және некеге мәжбүрлеуге жол бермеу, отбасы мүшелерінің құқықтары мен қауіпсіздігін сақтау мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынас, балалардың қауіпсіздігі және психологиялық қолдау көрсету мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Ал №6 қалалық емханада «Отбасы берекесі: қиындықта тірек болу. Әр күніміз бірге» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Кездесуге емхана қызметкерлері мен тұрғындар қатысып, отбасы құндылықтары, өзара сыйластық пен түсіністік, қиындықта бір-біріне қолдау көрсету мәселелері бойынша пікір алмасты.
Мамандар отбасындағы өзара түсіністік пен қолдаудың әр мүшенің эмоционалдық жағдайына оң әсер ететінін атап өтті. Әсіресе балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне көңіл бөліп, олардың мәселелеріне дер кезінде назар аударудың маңызы түсіндірілді.
Тұрғындар мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қажетті кеңестер алды. Ашық форматтағы мұндай шаралар медициналық және әлеуметтік мәселелер бойынша пайдалы ақпаратты тікелей мамандардан алуға мүмкіндік берді.
Іс-шаралар барысында отбасы мүшелерінің құқықтары мен міндеттері, ата-ана мен баланың құқықтарын сақтау, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау және отбасындағы қолайлы психологиялық ортаны қалыптастыру мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Негізгі мақсат – отбасы құндылықтарын нығайту, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, ата-аналардың медициналық және құқықтық сауаттылығын арттыру.
Алдағы уақытта да қаладағы медициналық ұйымдарда отбасы институтын қолдауға, ата-аналардың сауаттылығын арттыруға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған түсіндіру жұмыстары жалғасын табады.
#Otbasym2026, #ОтбасыКүні2026, #ДеньСемьи2026
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары