Отбасы құндылықтарын жастар арасында насихаттау мақсатында Шымкенттегі Жол-көлік колледжінде «Отбасы – бақыттың бастауы» атты кездесу өтті. Іс-шараны «Қазақстан Республикасы Әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалы мен Жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
Басқосуда отбасының қоғамдағы рөлі, ата-анаға құрмет, өзара түсіністік пен жауапкершілік мәселелері қозғалды. «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ербол Байқонысов отбасы институтының ел тұрақтылығы мен ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды. Сондай-ақ отбасы құндылықтарын дәріптеуге үлес қосып жүрген сала мамандарына алғыс хаттар табысталды.
Кездесуге ұлттық «Мерейлі отбасы – 2024» байқауының жеңімпазы, жеті бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Ақмарал Құдайберген қатысты. Ол шаңырақтағы татулықтың негізі өзара қолдау, құрмет пен жауапкершілікте екенін айтып, жастарға отбасы құрудың мәні туралы ой бөлісті. Ақмарал Құдайберген республикалық «Жеті қазына» фестиваліндегі «Сұлу әйел» байқауында да жеңімпаз атанған.
Жиында жастардың отбасылық өмірге жауапкершілікпен қарауы, бір-бірін түсінуі және қиындықтарды бірге еңсеруі маңызды екені айтылды. Қатысушылар отбасындағы береке мен тұрақтылықтың негізі күнделікті қарым-қатынастағы сыйластық пен сенімнен басталатынын атап өтті.
Іс-шара барысында жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, отбасы құндылықтарына қатысты пікірлерін ортаға салды. Мұндай кездесулер жас буынның өмірлік ұстанымдарын қалыптастырып, болашақта саналы әрі жауапты шешім қабылдауына ықпал етеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, отбасы институтын нығайтуға бағытталған осындай тәрбиелік кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады. Басты мақсат – жастар арасында берік шаңырақ құрудың маңызын түсіндіріп, ұлттық тәрбие мен адамгершілік құндылықтарды кеңінен насихаттау.
Ал «Қазақстан Республикасы Әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрайымы Баян Жандосова жастарға өнегелі отбасылардың үлгісін көрсетудің маңызын атап өтті.
Жиын соңында анаға деген құрмет пен перзенттік парызды арқау еткен «Ана» спектаклі сахналанды. Қойылым арқылы көрерменге отбасы мүшелері арасындағы мейірім мен сыйластықтың мәні жеткізілді.
Кездесу жастарға отбасы құндылықтарының маңызын түсіндіріп, өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделген берік шаңырақ құруға бағыт берді.
#Otbasym2026, #ОтбасыКүні2026, #ДеньСемьи2026
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары