Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » ЖАНҰЯМ–ҚОРҒАНЫМ, АТА–АНАМ–ТІРЕГІМ!

ЖАНҰЯМ–ҚОРҒАНЫМ, АТА–АНАМ–ТІРЕГІМ!

Отбасы күні – шаңырақтың қадір-қасиетін, отбасылық құндылықтар мен ұрпақ тәрбиесінің маңызын дәріптейтін ерекше мереке. Отбасы – әр адам үшін мейірім мен махаббаттың, өзара түсіністік пен қолдаудың мекені. Ал берік отбасы – тұрақты әрі жарқын болашақтың негізі.

Осы орайда, Отбасы күніне орай Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесіне қарасты №8 кітапхана бөлімшесінде №13 мектептің 2, 3 «д», 6, 7 «а», 7 «г» сынып оқушылары мен ата–аналарының қатысуымен «Жанұям–қорғаным, ата–анам–тірегім» атты пікірталас өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты–отбасындағы татулық пен сыйластықты дәріптеу, ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністікті нығайту және бала тәрбиесіндегі отбасының маңызын айқындау.

Іс-шара барысында «Тату отбасы–бақытты бала» тақырыбында ой бөлісіп, отбасындағы сыйластық пен өзара түсіністіктің маңызы талқыланды. «Адам. Үй. Отбасы» тренингтік ойыны ұйымдастырылып, қатысушылар қызықты тапсырмалар арқылы отбасылық құндылықтарды тереңірек түсінді.

Пікірталас барысында оқушылар өз отбасындағы дәстүрлер мен ата-аналарымен қарым-қатынасы туралы ойларымен бөлісіп, отбасы мүшелерінің бір-біріне қолдау көрсетуінің маңызын түсінді. Жылы пікір алмасу балалардың өзара жақындасып, отбасылық құндылықтарды бағалауына мүмкіндік берді.

Іс-шараға қатысқан ата-аналар да бала тәрбиесінде ашық әңгіме мен өзара сенімнің рөліне тоқталды. Баланың өзін қауіпсіз әрі еркін сезінуі оның тұлғалық дамуына оң әсер ететіні айтылып, отбасындағы жағымды қарым-қатынасты қалыптастырудың маңызы атап өтілді.

Осындай тәрбиелік шаралар жас ұрпақтың бойына үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, мейірімділік пен жауапкершілік сияқты қасиеттерді сіңіруге ықпал етеді. Кітапхана ұжымы отбасы құндылықтарын насихаттайтын мәдени-ағартушылық кездесулерді алдағы уақытта да ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, «Зорлық–зомбылықсыз отбасы – қауіпсіз балалық шақ» тақырыбында пікір алмасып, балаға мейіріммен қарау, қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері қозғалды. «Күн шуақ» ойыны арқылы мейірім, достық, сыйластық секілді ізгі құндылықтардың мәні ашылды.

Шара соңында әндер шырқалып, «Жанұям–қорғаным, ата–анам– тірегім» атты кітап көрмесіне шолу жасалды. Отбасы – мейірімнің мекені, татулықтың тірегі, бақыттың бастауы!

Отбасы күні – бір-бірімізге көңіл бөліп, жақындарымыздың қадірін түсінуге себеп болатын күн. Әрбір шаңырақта сыйластық пен татулық, мейірім мен өзара қолдау орнаса, қоғам да берік болады.

 

#Otbasym2026, #ОтбасыКүні2026, #ДеньСемьи2026

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*