Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » Шымкентте әлеуметтік қолдау жүйесі қалай өзгерді?

Шымкентте әлеуметтік қолдау жүйесі қалай өзгерді?

Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Отбасын қолдау орталығының» жұмысы өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау, олардың мәселелерін кешенді зерделеу және қажетті әлеуметтік қолдауды ұйымдастыруға бағытталған. 2025 жылы қалыптасқан цифрлық және мобильді жұмыс тетіктері 2026 жылы да жалғасын тауып, қамтылған отбасылар мен көрсетілген қолдау шараларының көлемін арттыруға мүмкіндік берді.

2025 жылдың 9 айындағы мәлімет бойынша мобильді топ құрамына 200-ден астам маман тартылып, министрлік тарапынан 552 маман арнайы оқытудан өткен. Сонымен қатар, «FSM Social» ақпараттық жүйесінде 242 мемлекеттік мекемеден 1 310 қолданушы тіркеліп, жүйе арқылы әлеуметтік жағдайы күрделі отбасылар туралы ақпаратты анықтау және тиісті мамандарға жолдау жұмыстары жүргізілген. Жоба іске қосылғаннан кейінгі 2025 жылдың алғашқы сегіз айында орталықта 6 917 отбасына 10 501 қызмет түрі көрсетілген. Оның ішінде 2 304 отбасы «FSM Social» жүйесі арқылы тіркелсе, өмірлік қиын жағдайға тап болған 455 отбасы туралы ақпарат мемлекеттік мекемелерден түскен. Жүйеде азаматтар туралы 2 220 дерек жинақталған. Бұл кезеңде 1 849 отбасы орталыққа келіп, әлеуметтік кеңес алған, ал мемлекеттік мекемелерге «FSM Social» арқылы жолданған өтініштердің бір бөлігі бойынша көмек көрсетіліп, қалғандарының мәселелері қаралу үстінде болған.

2026 жылдың сегіз айында орталықтың қызмет ауқымы одан әрі кеңейген. Осы кезеңде өмірлік қиын жағдайға тап болған 9 151 адамға (отбасына) түрлі қолдау шаралары көрсетілген. Азаматтарға құжаттандыру, жұмыспен қамту, атаулы әлеуметтік көмек алу, денсаулық сақтау, тұрғын үй кезегіне тұру мәселелері бойынша көмек көрсетіліп, бір реттік азық-түлік және материалдық қолдау, әлеуметтік, заңгерлік және психологиялық қызметтер ұсынылған. Сонымен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және құқық бұзушы агрессормен жұмыс жүргізу бағыттары орталық қызметінің маңызды бөлігіне айналған.

Әлеуметтік қызмет көрсетуді цифрландыру бағытында «FSM Social» жүйесінің қолданылуы да жалғасуда. 2026 жылдың басынан бері жүйеде тіркелген 2 189 отбасы бойынша 4 351 қолдау шарасы көрсетілген. Жалпы 2 162 отбасы кешенді қолдаумен қамтылған. Оның 1 663-ін орталық мамандары тікелей анықтаса, 499 отбасы туралы ақпарат мемлекеттік органдардан жүйенің интеграциялық моделі арқылы түскен. Бұл көрсеткіш әлеуметтік мәселелерді анықтау тетігінің тек азаматтардың өз өтінішіне емес, мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасуға және проактивті жұмысқа да сүйеніп отырғанын көрсетеді.

2025–2026 жылдардағы көрсеткіштер орталық жұмысының негізгі бағытының жеке әлеуметтік қызмет көрсетуден отбасыларды кешенді сүйемелдеу моделіне қарай өзгеріп отырғанын аңғартады. Бұған мобильді топтардың қызметі мен «FSM Social» жүйесінің интеграциялық мүмкіндіктері ықпал етуде. Егер бұрын көмек көрсету көбіне азаматтың орталыққа өздігінен жүгінуімен байланысты болса, қазіргі тәсілде қиын жағдайдағы отбасыларды ерте анықтап, олардың қажеттіліктерін алдын ала зерделеу және бірнеше бағыт бойынша қатар қолдау көрсетуге басымдық беріліп отыр.

Интеграциялық модель мемлекеттік органдар мен әлеуметтік сала мамандары арасындағы ақпарат алмасуды жеделдетіп, анықталған отбасыларға қажетті әлеуметтік және психологиялық көмекті уақытылы ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте балалар мен аналардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және отбасындағы қолайлы ахуалды қалыптастыру мәселелері әлеуметтік қолдаудың құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады.

Орталыққа жүгінген әрбір отбасыға көрсетілетін қызмет оның нақты әлеуметтік жағдайы мен қажеттілігіне қарай қалыптастырылады. Мамандар отбасының жағдайын зерделеп, проблемаларды кезең-кезеңімен шешуге бағытталған жеке қолдау шараларын белгілейді. Мұндай тәсіл бір реттік көмек көрсетумен шектелмей, отбасының тұрақтылығын сақтауға, оның әлеуметтік тәуекелдерін төмендетуге және қиын жағдайдан өздігінен шығуына жағдай жасауға бағытталған.

Мобильді топтардың жұмысы осы жүйенің маңызды тетігі болып отыр. Мамандардың тұрғындармен тікелей жұмыс істеуі көмекке мұқтаж отбасыларды ерте кезеңде анықтауға, олардың мәселесін ушықтырмай тұрып тиісті қызметтерге бағыттауға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, 2025 жылы қалыптастырылған мамандарды оқыту және мемлекеттік мекемелерді бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктіру жұмыстары 2026 жылы отбасыларды кешенді қолдау көлемінің артуымен жалғасып отыр. Негізгі назар әлеуметтік көмекті тек көрсетуге емес, отбасындағы мәселенің себептерін анықтап, оны бірнеше бағыт бойынша қатар шешуге және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*