Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ РЕФОРМАЛАР – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУДАҒЫ ЕҢ МАҢЫЗДЫ АЛҒЫШАРТТАРДЫҢ БІРІ

СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ РЕФОРМАЛАР – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУДАҒЫ ЕҢ МАҢЫЗДЫ АЛҒЫШАРТТАРДЫҢ БІРІ

Қазақстан құқықтық-демократиялық мемлекет ретінде даму жолына түскендіктен заң үстемдігі – біздің қоғамның ең маңызды құндылықтарының бірі болып қала береді. Міне, сондықтан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында бұл мәселеге айрықша назар аударып, сот және құқық қорғау жүйесінің қызметін одан әрі дамытып, жетілдірудің басым бағыттарын айқындап берді.
Сот – мемлекеттіліктің негізін қалайтын институттардың бірі. Мемлекеттің қандай екенін оның сотының әділеттілігіне қарап бағалауға болады. Заң үстемділігі орын алған мемлекетте қоғамдық келісім берік, инвестициялық рейтингі жоғары болатынын өмір дәлелдеген.
Сондықтан да, сот жүйесінің әділдігі ұлттық деңгейдегі мәселе! Ал, оның алғышарты — соттардың шешім қабылдау процесінде іштегі де, сырттан жасалатында қысымдардан қорғалған, шынайы тәуелсіздігінде! Бұған байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлы «Көптеген сот төрағасы лауазымы судья лауазымы болып өзгереді. Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізуді ұсынамын. Жоғарғы Сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау тәсілін енгізген жөн» деп атап өтті.
Шындығында, бұл – отандық сот жүйесінің дамуындағы маңызды қадамдардың бірі. Өйткені, осы саланың білікті мамандарының айтуынша, судьяны сыртқы қысымнан бұрын соттың өз ішіндегі қысымнан қорғау қажет. Ендігі жерде төрағаны судьялардың өздері сайласа, бұл – соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге оң ықпал етеді.
Кез келген саланың дамуы мамандардың біліктілігіне, олардың өз ісіне деген адалдығына байланысты екені баршаға аян. Әсіресе, сот саласында бұл мәселенің маңызы айрықша. Судьялық кездейсоқ таңдай салатын, атақ-абыройды қуып келе салатын қызмет емес. Судья шығарған әділетсіз үкімдер мен шешімдер бір жағы адамдардың тағдырын шешіп, өмірін теріс арнаға бұрып әлеуметтің наразылығын тудырып жатса, екінші жағы ел экономикасына едеуір зияның келтіреді. Осы орайда қазақтың “Ет сасыса тұз себерсің, тұз сасыса не себерсің?!” деген мәтелі еске түседі. Сондықтан да, судьялық қызметке білімді әрі білікті ғана емес, қолы мен ары таза, пайым-парасаты мен жүрегінде иманы бар, шындықтың жолында ештеңеге мойын бұрмайтын, ешкімнің сөзі мен қысымына дес бермейтін ерік-жігері бар адамдарды іріктеп алу өте маңызды.
Жолдауда бұл мәселеге де тоқталып, аталған жұмыспен Жоғары сот кеңесінің айналысуы керектігін атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Судья болуға үміткерлерді дайындау, біліктілігін көтеру жұмысы Кеңестің құзыретіне беріледі. Сондай-ақ, олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттігін тоқтату мәселесімен де осы мекеме айналысады. Бұл мемлекеттік орган нақты кадрлық функциялары бар, толыққанды институтқа айналуы керек. Кадрларды іріктеуден бастап, барлық деңгейдегі соттарды тағайындауға ұсыным беруге дейінгі бүкіл міндет соларға жүктеледі» деп, бұл органға нақты міндеттер жүктеді.
Жалпы, Жолдаудағы судьялардың жауапкершілігін арттыру, әрбір бұзылған сот үкімінің мұқият тексерілуі жөніндегі бастамалар да өте орынды. Мұның бәрі азаматтардың сот жүйесіне деген, сол арқылы барлық мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға жол ашады. Бір ауыз сөзбен түйіндер болсақ, сот саласында жүзеге асатын бұл реформалар Жаңа Қазақстан мен әділетті қоғам орнатудың ең маңызды алғышарты деуге толық негіз бар.
Бахадыр НАРЫМБЕТОВ,
Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*