Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Түркістан » НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ХУБЭЙ ГУБЕРНАТОРЫМЕН ӨҢІРАРАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ХУБЭЙ ГУБЕРНАТОРЫМЕН ӨҢІРАРАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында бауырлас өңір саналатын Хубэй провинциясы губернаторы Ли Дяньсюньмен ресми кездесу өткізді. Кездесуде екі өңір арасындағы инвестициялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және іскерлік байланыстарды кеңейту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Хубэй провинциясының губернаторы Ли Дяньсюнь өңірлер арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізіп, ғылым, технология және инновация салаларындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.

Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қытайлық әріптестерге көрсетілген қонақжайлық пен жылы қабылдау үшін алғыс білдірді.

Нұралхан Көшеров Түркістан облысының өндірістік және инвестициялық әлеуетіне тоқталды. Тараптар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм, білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру және логистика салаларындағы әріптестікті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Кездесу барысында Түркістан облысының туристік әлеуеті де таныстырылды. Облыс басшысы әлемдік маңызы бар тарихи-мәдени мұра нысаны – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілгенін атап өтіп, қытайлық туристер үшін өңірдің тартымдылығын арттыру бағытындағы жұмыстар туралы айтты.

Сонымен қатар тараптар көлік және логистика саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән берді. Түркістан облысының халықаралық транзиттік дәліздер бойында орналасуы өңірдің инвестициялық және сауда әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің маңызы ерекше аталды.

Кездесу қорытындысында тараптар өңіраралық әріптестікті одан әрі дамытуға және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін растады.

Бүгінде Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Айта кетейік, Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы бауырластық қарым-қатынас туралы келісімге 2024 жылы қол қойылған. Кейін Астанада өткен Орталық Азия – Қытай саммиті аясында бұл келісім ресми түрде бекітіліп, өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі жол картасы қабылданды.

Хубэй провинциясы Қытайдың орталық бөлігіндегі жетекші экономикалық өңірлердің бірі саналады. Халық саны 60 миллионнан асады. Өңір автомобиль жасау, металлургия, химия өнеркәсібі, фармацевтика, оптоэлектроника және жоғары технологиялық өндіріс салаларында көш бастап келеді. Провинцияның әкімшілік орталығы Ухань қаласы Еуразия кеңістігіндегі маңызды көлік-логистикалық хабтардың бірі ретінде танылған.

Түркістан мен Хубэй арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту өңірлердің экспорттық әлеуетін арттыруға, жаңа инвестициялар тартуға және халықаралық сауда байланыстарын дамытуға тың серпін береді.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*