Бүгін Түркістан қаласында «Жаңа халықтық Конституциясының нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында педагог қызметкерлердің Тамыз кеңесі өтті.
Жиынға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Қалдыкөзұлы Орынов, қалалық білім бөлімі, мектеп директорлары мен педагогтер, құқық қорғау органдарының және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, салалық кәсіподақ мүшелері қатысты.
Тамыз кеңесі барысында өткен оқу жылындағы атқарылған жұмыстар сараланып, білім беру саласының нәтижелері мен алдағы оқу жылына қойылатын міндеттер талқыланды. Сонымен қатар, педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына және білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру бағыттарына басымдық берілді.
Жалпы Түркістан қаласында бүгінде 83 мектеп жұмыс істейді. Оның 38-і мемлекеттік, 43-і жекеменшік және 2-еуі облыстық мектеп. Білім беру ұйымдарында 60 265 оқушы білім алуда. Сонымен қатар қалада 160 балабақша жұмыс істейді. Оның 21-і мемлекеттік, 139-ы жекеменшік. Балабақшаларда 18 210 бала тәрбиеленуде.
2025-2026 оқу жылында 11-сыныпты 3 262 түлек аяқтап, оның 2 673-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. «Алтын белгі» иегерлерінің саны 243 түлекке жетіп, өткен оқу жылымен салыстырғанда 65-ке артты. «Үздік аттестат» иегерлері – 251 түлек. ҰБТ-ның орташа балы – 81,12 құрайды.
Тамыз кеңесінде педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру және білім беру сапасын жаңа талаптарға сай жетілдіру мәселелеріне де назар аударылды. Ұстаздардың тәжірибе алмасуы мен өзара кәсіби қолдауы оқу үдерісінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды фактор ретінде қарастырылды.
Қазіргі таңда білім беру жүйесінде оқушының тек пәндік білімін қалыптастырумен қатар, оның сыни ойлау, шығармашылық қабілет және өздігінен іздену дағдыларын дамытуға басымдық берілуде. Осыған байланысты оқу бағдарламаларын жетілдіру және сабақ беру әдістемелерін заманауи тәсілдермен толықтыру педагогтер алдына қойылған маңызды міндеттердің бірі болып отыр.
Жиында ұстаз еңбегінің қоғамдағы орны мен педагог кәсібінің беделін арттырудың маңыздылығы да айқын көрінді. Білімді әрі білікті мамандардың еңбегін қолдау – жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасаумен қатар, педагогика саласына қабілетті жастардың қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісінде мұғалімнің кәсіби білімімен қатар, жаңашылдыққа бейімділігі де маңызды. Түркістан қаласындағы педагогтердің тәжірибесі мен кәсіби ізденістері білім беру үдерісін жетілдіруге және оқушылардың заманауи талаптарға сай дағдыларын қалыптастыруға бағытталып келеді.
Мектепке дейінгі білім беру бағыты да баланың алғашқы білім алу және әлеуметтену кезеңі ретінде маңызды орын алады. Осы кезеңде баланың танымдық қабілетін дамытуға, мектепке дайындығын қалыптастыруға және сапалы тәрбие беру ортасын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстардың жүйелі жүргізілуі кейінгі білім алуына берік негіз қалыптастырады.
Білім саласындағы мұндай өзгерістердің барлығы адами капиталды дамытуға бағытталған. Түркістан қаласында педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру, білім сапасын көтеру және білім алушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
Сонымен бірге білім беру ұйымдарында заманауи технологияларды тиімді пайдалану, цифрлық сауаттылықты арттыру және оқушылардың жеке қабілеттерін дамытуға бағытталған тәсілдерді күшейту маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстар педагогтердің кәсіби ізденісін арттырып, сабақ үдерісін жаңаша ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Алдағы оқу жылында ұстаздардың біліктілігін тұрақты жетілдіру, озық педагогикалық тәжірибелерді кеңінен тарату және білім алушылардың сұранысына сай тиімді оқыту әдістерін енгізу өзекті бағыттардың бірі болмақ. Мұндай жүйелі жұмыс білім сапасын арттырып қана қоймай, педагог мамандығының кәсіби әлеуетін одан әрі нығайтуға жол ашады.
Жиын соңында 2025-2026 оқу жылында елеулі нәтижелерге қол жеткізген педагогтерге Оқу-ағарту министрлігінің, облыстық білім басқармасының және Түркістан қаласы әкімі мен облыстық басқарма басшысының марапаттаттары табысталды.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары