Түркістан облысы Сайрам ауданының Ақсукент ауылында орналасқан отандық жөргек шығаратын фабрика өндіріс көлемін едәуір ұлғайтты. «Capable Group» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі іске қосқан кәсіпорын бүгінде айына 20 миллион дана жөргек шығарып отыр.

Өндіріс орны алғаш рет 2021 жылы жұмысын бастаған. Кейін жапон және италиялық технологиялар негізінде жаңа желілер іске қосылып, кәсіпорын қуаты бірнеше есе артты. Қазір мұнда 360 адам еңбек етеді. Олардың қатарында өндіріс қызметкерлерімен бірге өнімді еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізетін мамандар да бар.
Жобаның жалпы құны 3 миллиард теңгені құрайды. Инвестицияның басым бөлігі қазақстандық кәсіпкерлерге тиесілі болса, қалған үлесі түркиялық серіктестер тарапынан салынған. Кәсіпорынның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту және сапалы отандық өнім өндіру.

Фабрикада балаларға арналған «Simbo Baby», «Aityn Bala», «GIGO», «Ney Baby» жөргектері мен ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға арналған арнайы гигиеналық өнімдер шығарылады. Өндірушілердің айтуынша, өнім сапасы әлемдік брендтерден кем түспейді. Бір ғана жөргек 17 түрлі шикізаттан дайындалады. Қажетті материалдар Қытай, Түркия, Германия және АҚШ-тан жеткізіледі.
Кәсіпорын басшылығы өндірісті кеңейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Соңғы жылдары жас мамандар Түркияға оқуға жіберіліп, заманауи технологияларды меңгеруде. Қазіргі таңда өндірісте қолданылатын күрделі жабдықтарды игеретін жергілікті кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлінуде.
Дегенмен отандық өндірушілер үшін бәсекелестік оңай емес. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, нарықта шетелдік танымал брендтердің басымдығы сақталып отыр. Соған қарамастан фабрика өнімдері бүгінде Қазақстанның барлық өңіріне таралып қана қоймай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолия нарықтарына экспортталуда.

Алдағы жылдары кәсіпорын өндірістегі жергілікті қамту үлесін арттырып, ЕАЭО мен ТМД елдеріндегі экспорт көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары