Бақша өнімдерін жинау науқаны қызу жүрім жатқан Жетісай ауданында алғашқы қарбыздар еліміздің ірі қалалары мен көршілес Ресей Федерациясының сауда нарығына жол тартуда.
Қазіргі таңда егістік алқаптарынан бір аптаның ішінде 200 тоннадан астам қарбыз жиналып, тұтынушыларға жеткізілген. Ерте піскен өнімге сұраныс та жоғары. Бұл өз кезегінде шаруалардың табысын арттырып қана қоймай, ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін айқындай түсуде.
Жетісай ауданының дихандары биылғы жылы 80 мың гектарға жуық суармалы алқаптың 44 мың гектарына мақта шитін сепсе, 17,1 мың гектар жерге бақша, 7,5 мың жерге дәндік жүгері, ал, 3,7 мың га жерге көкөніс, 6,4 мың гектар алқапқа жоңышқа дақылын еккен.
Өткен жылы 16,9 гектар алқапқа егілген бақша дақылдарының 3 мың гектарын қарбыз құраса, биылғы жылы 17,1 мың гектарға егілген бақшаның 3 мың гектарын қарбыз құрап отыр.
Қарбыз дақылын егу көлемі өзгермегенімен диқандар сапалы әрі мол өнім алуға күш салып, ағын судың қажетті мөлшерде уақытылы берілуінің, заманауи агротехнологияларды тиімді пайдалану нәтижесінде алғашқы өнім молынан жиналуда. Шаруалар алдағы күндері өнім жинау қарқынын күшейіп, экспорт көлемін ұлғайтуға, ішкі және сыртқы нарықты табиғи әрі сапалы өніммен қамтуға ниетті.
Айта кетейік, бақша өнімдерін экспорттау ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға да оң әсерін тигізуде.
Қарбыз жинау науқанының ерте басталуы өңірдегі агротехникалық жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Диқандар өнім сапасын арттыру үшін тамшылатып суару және тыңайтқыштарды тиімді қолдану сияқты заманауи әдістерді кеңінен пайдалануда.
Сонымен қатар экспорттық бағыттағы өнім көлемінің артуы аудан экономикасына қосымша табыс әкеліп, жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдарының бәсекеге қабілеттілігін күшейтуде. Бұл өз кезегінде шетелдік нарықта Жетісай брендіне деген сенімді арттыра түседі.
Бақша өнімдерін тасымалдау мен сақтау инфрақұрылымын жетілдіру де басты назарда тұр. Өнімнің сапасын сақтап, тұтынушыға уақтылы жеткізу мақсатында логистикалық жүйелер кезең-кезеңімен жаңартылуда.
Алдағы уақытта өнім көлемі артқан сайын өңдеу және қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту мәселесі де өзекті болмақ. Бұл ауыл шаруашылығы саласының қосымша құнын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары