Түркістан қаласында 2-6 маусым аралығында ағза трансплантациясынан өткен және бүйрек қызметін алмастырушы ем қабылдап жүрген азаматтар арасында республикалық спартакиада өтеді. Бұл туралы өткен баспасөз жиынында «Өмір тынысы» трансплантацияланған науқастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнібек Оспанов мәлімдеді.
«Өмір – ең қымбат құндылық» ұранымен ұйымдастырылған спорттық додаға еліміздің әр өңірінен қатысушылар жиналды. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғам назарын ағза донорлығы мен трансплантация мәселелеріне аудару, сондай-ақ заманауи медицинаның жетістіктерінің арқасында белсенді өмірге қайта оралған азаматтардың өмірлік тәжірибесін насихаттау.
Жарысқа қатысушылар өздерінің үлгісі арқылы ағза ауыстыру операциясынан кейін немесе ұзақ мерзімді ем қабылдап жүріп те толыққанды өмір сүріп, спортпен шұғылданып, еңбек етіп, жаңа жетістіктерге қол жеткізуге болатынын көрсетеді.
Республикалық ойындардың Түркістан қаласында өткізілуі ерекше мәнге ие. Қазақстанның рухани әрі тарихи орталығы саналатын шаһар бүгінде жаңару мен дамудың символына айналып отыр», – деді жарыстың бас ұйымдастырушысы.
Сондай-ақ брифинг барысында Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Ғани Маратұлы жарыстың бағдарламасымен таныстырды.
«Сайыстарды Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, «Өмір тынысы» қоғамдық бірлестігі және Түркістан облысының әкімдігі ұйымдастыруда. Жарыс бағдарламасына жүзу, волейбол, үстел теннисі және дартс спорт түрлері енгізілген.
Ойындарға 18 жастан 60 жасқа дейінгі және одан жоғары жас санатындағы спортшылар қатысады. Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің тоғыз өңірінен келген спортшылар бақ сынайды.
Іс-шараның маңызды міндеттерінің бірі – ағза донорлығын насихаттау және 2027-2028 жылдары өтетін Дүниежүзілік трансплантациялық ойындарға қатысатын Қазақстан құрамасын жасақтау. Салтанатты ашылу рәсімі 2 маусым күні Түркістан қаласындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтеді», – деді сала маманы.
Қазіргі таңда елімізде ағза трансплантациясын 4 739 адам күтуде, оның ішінде 125-і балалар. Күту тізіміндегі науқастардың басым бөлігіне бүйрек трансплантациясы қажет.
Түркістан облысында трансплантацияны қажет ететін 180 адам тіркелген, олардың 14-і балалар. Өңірде бүйрек трансплантациясына сұраныс жоғары болғанымен, бауыр мен жүрек трансплантациясын қажет ететін азаматтар да бар. 2026 жылдың басынан бері күту тізімінде тұрған облыстың бес тұрғыны донорлық ағзаға қол жеткізе алмай қайтыс болған.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары