М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде криптоактивтер мен цифрлық дәлелдемелерді анықтау, құжаттау, алып қою және зерттеу мәселелеріне арналған өңірлік семинар-практикум өтті.
Іс-шараға Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстары полиция департаменттерінің тергеушілері мен анықтаушылары қатысты. Семинардың ашылуында ҚР ІІМ Заң және нормативтік үйлестіру департаменті басқармасы бастығы Талғат Тажин және Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Еркебұлан Ережепов сөз сөйлеп, цифрлық технологиялар дәуіріндегі құқық қорғау органдарының алдында тұрған өзекті міндеттерге тоқталды.
Оқу-практикалық іс-шара барысында ҚР ІІМ Орталық криминалистикалық департаментінің мамандары блокчейн технологиясының жұмыс істеу қағидаттарын, криптобиржалардың ерекшеліктерін және цифрлық активтерді қадағалау тетіктерін түсіндірді. Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері криптоактивтерге байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, құжаттау және тергеп-тексеру барысында қалыптасқан тәжірибелерімен бөлісіп, нақты қылмыстық істер бойынша кездесетін ерекшеліктерге тоқталды.
Сонымен қатар «Kazdream» ЖШС мамандары тергеу әрекеттері мен криминалистикалық зерттеулер кезінде мобильді құрылғылардан ақпарат алу, оларды зерттеу және цифрлық дәлелдемелерді бекіту әдістерін таныстырды. Ал «Cryptic AI» компаниясының өкілдері арнайы бағдарламалық қамтамасыз етудің мүмкіндіктерін көрсетіп, оның цифрлық іздерді анықтау және талдау үдерісіндегі рөлін түсіндірді. «Cryptoforensiclab» ЖШС сарапшылары блокчейн желілерінің жұмыс механизмі, криптовалюталық операцияларды бақылау және цифрлық активтерді зерттеудің заманауи тәсілдері жөнінде баяндама жасады.
Семинар барысында қатысушыларға тәркілеуге жататын криптоактивтерді құжаттау және алып қою тәртібі, актив түріне және қолданылатын криптожеліге байланысты ІІМ қызметтік криптоәмияндарының сыртқы мекенжайларын пайдалану алгоритмдері түсіндірілді. Теориялық бөлімнен кейін қатысушылар тестілеуден өтіп, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, практикалық тапсырмаларды орындады.
Өңірлік семинар-практикум цифрлық қылмыстарды ашу мен тергеу саласындағы тәжірибе алмасу алаңына айналып, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік берді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары