Соңғы кездері әскердегі сарбаздар арасында өлім-жітімнің көбейіп кетуін кімнен көреміз? Жастар арасындағы тәрбиенің осалдығынан ба, жоқ, әлде кілтипан Қарулы Күштерде ме? Меніңше, мәселеге бір жақты қарамау керек. Бұл жөнінде «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы, подполковник Бабай Алдабергенов «Оңтүстік Қазақстан» газетіне берген мақаласында кеңінен тоқталып өтті, деп жазады сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Статистикаға сүйенсек, жыл сайын елімізде 15-20 шақты сарбаздың өлімі тіркеледі. Әскерге баласын сап-сау жіберіп, табытпен қарсы алу қай ата-анаға да болмасын оңай тимесі анық. Бірақ, қазір осыған көбінесе әскери құрылымдарды кінәлап жатады. Меніңше, әскерге келген балалардың психологиялық жағдайына да, олардың рухани тұрғыдан қаншалықты күшті, әлсіз екендігіне де мән бере қарауымыз керек. Сарбаздар арасындағы өлім-жетімнің бір себебі осында жатуы да мүмкін ғой. Сосын тәрбиенің толық берілмеуі де себеп. Яғни бала өмірге келгеннен кейін әке-шешесінің алақанында өседі. Ата-анасының тәрбиесімен жетіледі. Балабақшаға барады, мектепте білім алады. Одан соң жоғары оқу орнына түсіп, білімін шыңдайды. Осы сатылардың барлығынан өткен соң барып әскерге келеді. Онда да бір-ақ жылға. Бұрынғыдай екі жылдық әскер жоқ. Ағаларымыз әскердегі қиындықтың бәріне шыдап бақты емес пе?!
Әрине, әскер деген оңай емес. Онда бәрі белгілі тәртіппен жүреді. Таңнан кешке дейін барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асады. Бала ол жерге барғанда, басқа ортаға түседі. Кілең ер адамдар болған соң ол жердегі қарым-қатынас та басқаша болады. Әскерге бала мықты, сабырлы, төзімді болып бармаса, әлжуаздық танытып алып жатса, өте қиын болады. Әскердегі физикалық жаттығулардың өзі ауыр. Ол жерде оқ-дәрімен жұмыс істеуді, қару-жарақтың түр-түрін пайдалануды үйретеді. Таңнан қара кешке дейін осының барлығын орындау қажет. Бала соны физикалық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да көтере алуы керек. Әскерге әскери билет алу үшін ғана немесе осы шақыртулардан құтылайыншы деп мәжбүрлікпен келген әлжуаз, әлі жетілмеген бала ортада өзін өгейсініп жүреді. Яғни ол осы әскерден құтылу, қашу, өтірік ауырып қалу, өзіне қол жұмсау секілді амалдарды санасына тоқып жүруі мүмкін. Бұл тек бүгін ғана орын алып отырған жағдай емес. Бұрын да болған. Ант қабылдап, әскери өмірге араласқан соң ауыртпалықтарды көтере алмай, одан оңай құтылудың жолын іздейді. Сондағысы 12 ай. Осы аз уақыт аралығында төзімділік, шыдамдылық танытсаң, міне, нағыз ел қорғайтын азамат болып шығасың.
Әскер баланы физикалық тұрғыдан шынықтырып, кездескен қиындықтарға мойымайтындай, ер мінезді етіп тәрбиелейді. Егер баланы жастайынан сабырлы, намысшыл етіп тәрбиелесек, әскерге келгенде, ол бала қандай қиындық болса да мойымайды. Өзінің біліктілігін, ержүректілігін көрсетіп, барлық сынақтардан қиналмай өте алады. Әскерде орын алып жатқан келеңсіз оқиғалардың бір себебі осы-ау деп ойлаймын. Баланың әлжуаз болуы сол отбасыдағы тәрбиеге байланысты, одан соң мектеп, сосын барып қоғам. Міне, осы үшеуі үйлесім тауып, балаға жақсы тәлім беріп, жаман жолдан тайдырып, бойына патриоттық рухты дарыта білсе, нұр үстіне нұр болар еді.