Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен ұлықтау рәсімінде «ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын» деген сындарлы сөз айтты. Бұл көптің көкейінде жүрген ой еді. Сондықтан жұртшылық та жылы қабылдады. Президент сол күні ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қойды және осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын.
Шымкентте қазір 3400 шаруа қожалық, оның ішінде 86 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыровтың айтуынша, ауыл шаруашылығы кәсібімен айналысуға ниеттенген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан «Іскер қала» бағдарламасымен жеңілдетілген 1-2 % несиелендіру және инвестиция, қайта өңдеу, егіншілік, мал шаруашылығы бағыттарында субсидиялау арқылы мемлекеттік қолдаулар да қаралған. Сала жетекшісі осы бағыттарға мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдаулар мен жеңілдіктерге шаруалар бас қосқан «Дала күні» семинарында нақты ақпарат берді.
– Жеке қосалқы шаруалар кооперативтерге біріккен жағдайда 1-2 айызбен «Іскер қала» бағдарламасымен несие ала алады. Ал, басқарма тарапынан кооперативтер қандайда бір жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған жағдайда кеткен шығынның 25-30%-ын субсидиялайды. Қайта өңдеуші кәсіпорындар сүтті қайта өңдеп, сары май өндірсе жұмсалған шикізаттың литріне 18 теңге, қатты ірімшікке жұмсауға кеткен шикізаттың литріне 28 теңге қаржы береді. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін банктен алған несиелердің 10-11 пайыз аралығындағы сыйақысын да субсидиялайды. Егін шаруашылығында пестицидтер құнының 1 литрі (килограмы) — 50%-на дейін, биоагенттердің (энтомофагтардың) 1 грамы (данасына) — 40%-на дейін мемлекет тарапынан өтеледі, – деді басқарма басшысы.