Сайрам ауданы әкімінің төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі. Басқосу барысында аудандық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Руслан Ендібаев, аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Баймырза Бейсембаев, аудандық білім бөлімінің бас маманы Фарида Оспанова баяндама жасады. Бұдан бөлек, аудан прокуроры Даулет Тлемисов құқық бұзушылық қылмыстарының шешімін табу жолында заң жүзінде жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Атап айтқанда, жасөспірімдерге қатысты қылмыстың алдын алу мақсатында арнайы қауіпсіздік шараларын қабылдау үшін ата-анасының бақылауынсыз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде жалғыз жүрмеу, танымайтын көлікке мінбеу, әлеуметтік желілерде бөтен адамдармен байланысқа түспеу керектігі төңірегінде түрлі сынып сағаттарын, түсіндірме жұмыстарын, тәрбие іс-шараларын жүргізу, жол көлік оқиғаларының профилактикасы туралы егжей-тегжейлі түсіндірді.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Арман Сәбитұлы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар белең алмауы үшін, аудандық білім беру мекемелерінің тәрбие саласына жауапты директордың орынбасарлары, аудандық полиция басқармасының жастары кәмелетке толмағандар ісі бойынша бөлімшесінің инспекторларымен бірлесіп, бұл бағытта талдау жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ, адам өліміне алып келетін оқиғалардың алдын алу, кәмелет жасына толмағандармен жасалатын қылмыстардың және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу профилактикалық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Әрбір адамның өмірде толыққанды тұлға болып қалыптасуында құқықтық тәрбиенің алар орны ерекше. Тәрбиенің сан қырын қарастырсақ та құқықтық тәрбие, құқықтық сауаттылық көш ілгері болмақ. Қазіргі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе бүгінде көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылуда. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз. Жасөспірімдердің қылмыс жасауының себептерін қарастырар болсақ, ол кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс бос уақыттарында немен шұғылданып жүргендерін қадағаламауынан орын алады. «Ел болам десең — бесігіңді түзе» деп дана халқымыз айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді.
Жалпы құқық тәртібін бұзуға бейім балалар, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасап ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шыққан. Жасөспірімдердің қылмысқа баруының жолдарын қарастырар болсақ — бала жүрегіне қатігездікті дарытуға себеп болатын адамды қинау мен азаптап өлтірудің эпизодтарын қамтитын компьютерлік ойындар мен мультфильмдер. Онымен қоса сан ғасырдан бері дертке айналған арақ-шарап, есірткі, темекі, түнгі ойынханалар, маскүнемдікке салынған ата-ана, толық емес отбасы тағы да бар. Отбасында толассыз ұрыс-керістен көз ашпаған жасөспірімдер қылмысқа жақын болып келеді. Олар ата-ана қамқорлығынсыз қалады. Отбасында балаға дер кезінде қадағалау болып, ата-ана мен бала арасында сенімділік, достық сынды адами құндылықтар орнаса бала қылмыстық істерге бармасы анық. Отбасында жасөспірімдердің қылмысқа бармауын қадағалау жұмыстары басым болуы керек. Қадағалаудың екі түрі бар. Біріншісі: тікелей қадағалау – бұл сыртқы болып табылады, бұған шектеулер мен жазалаулар жатады. Тек шектеулер мен жазалаудың ар жігін ажыратып, саналы түрде қолдану керек.Екіншісі түрі – көмекші қадағалау. Бұл сыйластық және махаббат. Жасөспірімдер ата-ана мен айналасындағы басқа адамдардың осы сезімдерін жақсы сезінеді. Сол себепті отбасында баланы тек материалдық байлыққа ғана емес, рухани байлыққа бөлеп өсірсек біздің ұрпақ қылмысқа бармайды.
Жас жеткіншектердің қылмысқа бой ұру мәселесі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-ананың, мектеп, арнаулы оқу орындары мен басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қадағалауын талап етеді. Себебі психолог мамандардың зерттеуіне сенсек, жас баланың саналы азамат болып қалыптасуында оның жанұяда, мектеп қабырғасында, көшеде көргендері ерекше орын алады. Ал сабақтан тыс уақыттарда, каникул кездерінде демалыс маусымдарының дұрыс ұйымдастырылмауы, көшедегі келеңсіз оқиғалардың көптігі жасөспірімдердің қылмыс жасауына әкеп соқтыруы анық. Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған. Елімізде кәмелетке толмаған құқықбұзушылардың ісімен шұғылданатын комиссия құрылған. Оған айтарлықтай арнайы өкілеттіліктер берілген. Егер ата-ана баласының тәрбиесіне қарамаса, комиссия оларды ата-ана құқынан да айыра алады.
Келешек ұрпақтың осындай құқыққа қайшы әрекеттер жасауға жол бермеу үшін жасөспірімдер мен ата-аналар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру керек. Осы орайда арнайы жүйелі құрылған жоспарлар бойынша әрбір жеткіншекке, әрбір ата-анаға Қазақстан Республикасының 13.08.2002 жылғы «Бала құқықтары туралы» Заңы,Салауатты өмір салтын құқықтық қорғау үшін Қазақстан Республикасының «Шылым шегуге қарсы күрес туралы», «ЖИТС аурының алдын алу туралы», «Алкогольге қарсы күрес туралы» Заңы,Қазақстан Республикасының Әкімшілік, Азаматтық қылмыс- тық кодекстері: кәмелетке толмағандардың құқық бұзу- шылықтары туралы, Қазақстан Республикасының «Отбасындағы неке туралы» Заңдары бойынша арнайы түсіндірме жұмыстары жасалынып, құқықтық жалпы оқыту қоғамдық пән мұғалімдерінің жетекшілігімен ақпараттық-насихаттық лекторлық топтарымен сауаттылықтарын арттыру керек. Сонымен бірге отбасында баланы қалай тәрбиелеу керек, қазіргі қоғамдағы балаға ең қажетті не нәрсе екендігін айқын көрсететін бағдарламалар жасалынып, клубтар жұмыс жасаса өз жемісін берері белгілі. Интернет билеген заманда түрлі жағымды-жағымсыз жаңалықтар айналамызды қоршағанда әркім өзіне керегін таңдап алуы керек. Бірақ жасөспірімдер бұл жағын ескермесі белгілі, сол себепті баламыз ғаламторда отырғанда да қандай да болмасын әлеуметтік желіні пайдалануда да бақылау болуы керек. Қазіргі техниканың дамыған шағында қылмыстық істердің орын алатын жері мен себебі осы ғаламтор болып отыр. Қоғамға қауіп төндіріп тұрған дінімізге қайшы жат ағымдар да осы әлеуметтік желі арқылы жымысқы ойларын іске асырып, оған жасөспірімдерді де араластырып жатыр. Сол себепті әрбір ата-ана балаға белгілі бір шектеу қойып, бақылау жасап отырса бала әлеуметтік желінің тек пайдалы тұсын тұтынары анық.
Бұндай жұмыстар отбасында баланы рухани-адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеуге, мінез-құлық этикаларын қалыптастыруға, жасөспірімдердің дұрыс жан-жақты тәрбие алып өсуіне көмектесері анық. Жасөспірімдер тәртібіне қатысты назарда тыс қалып келе жатқан тағы бір мәселе – колледждерде білім алушы жастардың жайы. Көптеген оқушылар 9-сыныпты аяқтаған соң, білімдерін колледждерде жалғастыратыны белгілі. Демек, ондағы оқушылар да кәмелетке толмағандардың қатарына жатады.Негізінен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың құпиясы тез ашылады. Өйткені олар қылмысқа балалықпен, аңғалдықпен барады. Демек, қылмыстың алдын алу, баланың бұрыс жолға түспеуі, ата-ананың, мектеп пен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылына байланысты екенін есте ұстау керек. Бас бостандығынан айрылғандар қатарында кәмелеттік жасқа толмағандардың көбеюі біздің қоғамды алаңдатпауы мүмкін емес. Қылмыстық жауапкершілікке қылмысты жасау кезінде жасы 16-ға толған азаматтар тартылатындығы белгілі.
Алайда, қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру, ауырлататын мән-жайларда денсаулыққа қасақана орташа ауырлықта зиян келтіру, адамды ұрлау, ұрлық, тонау, қарақшылық, қорқытып алу, ауырлататын мән-жайларда көлікті айдап кету, терроризм, адамды кепілге алу, қаруды ұрлау немесе жарылғыш заттар мен басқа да құрылғылар, ауырлатылған мән-жайларда бұзақылық, тағылық, есірткі заттары мен психотроптық заттарды ұрлау немесе қорқытып алу, ауырлатылған мән-жайларда мәйітті немесе олардың көмілген жерлерін қорлау, көлік құралын немесе теміржолдарын қасақана жарамсыздық жағдайға келтіргені үшін тұлғалар 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Құқық қызметкерлерінің мәлімдемелеріне назар аударар болсақ кәмелетке толмағандар көбінесе ұрлық, тонау секілді қылмыстар жасайды. Сонғы кезде аталған қылмыстар ішінде ұялы телефондарды ұрлау жиі орын алуда. Мұндай қылмыстық істер бойынша жәбірленушілер құқық бұзушылардан жасы кіші, әлсіздеу, кәмелеттік жасқа толмағандар болып табылады. Ендеше келешек ғұмырымызды жалғастырар ұрпағымыздың тәрбиесімен осы кезден бастап айналысып, жасөспірімдеріміздің болашағына дұрыс бағдар беріп рухани жан-дүниесін байытып, «елім, жұртым» — деп тұратын азамат етіп өсірейік.