Жақында әулетімізге келін түсіп, жамағайындарымыз «есікашарға» шақырды. Жас келіннің жанына мен де еріп бардым. Уыздай келіншек үй иелеріне босағадан аттай салысымен иіліп сәлемін салып жатыр. Бірақ, ағайындарымыз келінге тыйым салып, «бізге сәлем салуға болмайды» деп қабыл алмады. Отбасымен дін атын жамылып, қысқа балақты киініп, ұзын сақал қойған ағайындардың бұл қылығы оғаш көрінгенмен, іштен тындық. Бірақ, «айтпаса сөздің атасы өлмей ме?» Бүгінде талай әулетті іштен ірітіп, қазақы дәстүрімізге қарсы келушілердің көздегені не?
Салтымызда үлкенге иіліп сәлем салу арқылы «Көп жаса!», «Бақытты бол, айналайын!» деген ақ бата, жақсы сөз, игі тілек еститін келіннің бағы артады деп білген. Ата-бабаларымыз аяғы ауыр келінді уақытша, ал күйеуі қайтыс болған келіншекті біржола сәлем салудан босатқан. Сәлем салу дәстүрі тек түркі халықтарына емес, сонымен қатар, Еуропа халықтарына да ортақ. Ұлыбританиядағы, Англиядағы корольдік отбасыларында да келіндер үлкендерге сәлем салады екен. Бұл дәстүрдің мәні — жалпы үлкенге деген құрмет. Келін басқа отбасыға келген кезде оның жанұясында белгілі бір орны болады. Сәлем салу арқылы келін сыйластықты сақтаған. Ол еліміздің әр аймағында әр түрлі орындалады. Еліміздің батыс өңірінде сәлем салу қатаң талап етілмейді. Батысқа келін болып түскен қыз беташарда жалпылама нағашыларға, абысындарға, қайын әпкелерге бірден сәлем береді. Оңтүстікте сәлем салу міндетті, келіндер екі қолын айқастырып, иіледі. Солтүстік жұртында сәлем салу, орамал тағу салты сақталмаған. Ал, Шығыста сәлем салу емес, көбіне отқа май құю ырымы ғана жасалады екен. Маңғыстау өңірінде жаңа түскен келін таңертең ерте тұрып, күнделікті сәлем салу міндеттелген. Келін сәлемі ұрпақ арасындағы сыйластықты сақтауға дәнекер болған. Иілген келін өзіндік орнын, болашақ ана, ене екенін сезіп отырады. Сәлем салудың мәні кейде ерінің ғұмырлы, аман жүруіне жасаған дұғасы іспетті болған.
«Сəлем салғаным — күйеуімнің өмір жасы ұзақ болсын дегенім. Оның үстіне сəлем салғанда үлкен кісілердің «көп жаса қарағым, мақсатыңа жет,көсегең көгерсін, бағың баянды болсын» деген батасын аламын», — дейді жөн білетін келіндер. Олай болса, қазақ халқының ерекше әдемі және керемет салтының жойылып кетуіне емес, қайта кең етек жаюына жол берген дұрыс. Оны кірме діннің кесірінен ширкке балап, келіндеріміздің иілуіне бөгет жасау ұлт дәстүрін табанға таптағанмен тең емес пе?
Жанат АМАЛБЕКОВА,
Шымкент қаласы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкері.