Әр халықтың өзіне тән салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, халық ауыз әдебиеті, мәдениеті, тәрбиелік ұстанымдары бар. Сан ғасырлар бойы аманат ретінде сақталып, дәріптеліп, өскелең ұрпаққа асыл мұра боп қалдырылған ұлттық құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай қадір тұтып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу әрбір адамның азаматтық міндеті. Олай деуімізге басты негіз, тәуелсіз, бейбіт елдің тұтқасын мықтап ұстап, мәртебесін көтеру – аталар аманатын өскелең ұрпаққа өнеге, төл тарихымызды ту етіп, ұлттық құндылығымызды сақтай білумен нығая түспек.
«Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп, халық атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келесі ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелейді. Оны сақтау қазақ халқының ұлттық ұжданы. «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген аталы сөздердің төркіні осыған дәлел.
Шын мәнінде, ұлттық салт-дәстүр ғана халыққа табиғи тән белгі. Бұл халықтың мінез-құлқы, әрі оның ашық не көмескі ниеті мен пейілін сездіретін райы деп түсінуіміз керек. Ұлттық салт-дәстүрді ұстану адамды отансүйгіштікке, адамзаттық құндылыққа негізделген тәрбие кеңістігін құру арқылы жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға негіздейді.
Бұл турасында ұлтының болашағы үшін алаңдаған, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп тұр. Балаларын бесікке бөлемеген бесігі жоқ елден қорқамын. Екіншісі, немересіне ертегі айтып бермейтін әженің азаюынан қорқамын. Үшіншісі, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді, содан қорқамын…», – деген жан айқайы – ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі жоғары дамыған ел, кез келген өркениетті деген елден оқ бойы озық тұратындығына бірден-бір дәлел іспеттес.
Қазақ елінің рухы халқының салт-дәстүрінде, әдет-ғұрпында, наным-сенімінде сақталған. Халқымыздың өмір сүруі де осы рухани байлығымыздың күш-қуатына байланысты. Елдің салт-дәстүрі әлсіресе, рухани орталықсыз, бағыт-бағдарсыз қалатын болса, онда ол ел өз сипатынан бірте-бірте айырылып, жойылып кетуі де мүмкін. Осы қауіптен сақтану үшін халқымыздың барынша бай рухани қазынасы болып саналатын салт-дәстүрімізді берік ұстау болмақ.
Күнделікті тіршілігімізге әдет болып сіңіп кеткен салттар мен той-жиындарда орындалатын спорттық, шешендік өнерлерімізге дейін атадан қалған асыл мұра. Сәлемнен бастап, әдептен озбайтын, өнегесі мол – айтыс секілді жыр жарыстары бүгінгі күнге дейін көрерменін жоғалтпаған ұлттық өнер. Бала дүниеге келгеннен бастап салт-жоралғымен өсірген қазақ халқының бойында ұлттық құндылықтарға деген үлкен махаббат пен құрметтің жатқандығы анық.
Салт-санамызды байытар – Мағжанның жүрек тебірентерлік мөп-мөлдір асыл лирикасы, Мұхтардың көркем прозасы, Шоқанның барша әлемді таңқалдырған жаңалықтары, ұлы Абайдың түпсіз терең философиялық толғаулары сияқты осынша мол рухани қазына әрбір адамның ішкі жан дүниесін байытып, сана-сезімін шарықтата көтеретініне күмән келтіре алмаймыз.
«Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дегендей, елдің іргетасы мықты болсын десек, ата-бабадан қалған өшпес мұра мен қазынаны қабілеті жоғары ұрпақтың бойына дарыта білу сіз бен бізге жүктелген абыройлы міндет. Жаһандану дәуіріне бет бұрамыз деп ең асыл қазынамыз – ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алудан сақтанғанымыз жөн. Батысқа деген еліктеушілік біздің басқа халықтардан жоғары тұрған салт-дәстүріміз бен мәдениетіміздің өресін төмендетуіне жол бермеуіміз керек. Ертеңгі ұрпақ саналы да мәдениетті болсын десек, кешегі тарихты үлгі ету ең тиімді тәсіл болмақ. Өткенге зер салмау, жетістіктер мен кемшіліктерді зерделемеу болашақтың жарқын болуына көлеңке түсіретіні сөзсіз.
Г.Бекжан
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы