Қазақстан Республикасы 30 жыл бойы тиімді мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету арқылы дін саласындағы салмақты саясатты сенімді іске асырып келеді. Қазақстанда Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап дінаралық бейбітшілік пен келісімді қалыптастыру және қолдау жөніндегі белсенді мемлекеттік саясатпен ерекшеленетін зайырлы мемлекеттің өзіндік бірегей моделі құрылды. Дін мәселелері қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды да күрделі болып табылады. Дін қоғам өмірінің барлық жақтарына әсер етіп, қоғамдық дамуға зор ықпал етеді. Сондықтан дін жайлы дұрыс көзқарасты, түсінікті қалыптастыру зайырлы діни білім берудің басты мақсаттарының бірі болып табылады.
Әрине, қоғам болған соң, сол қоғамдағы адамдар ұстанатын белгілі бір діннің болуы табиғи құбылыс. Сондықтан, адамдар өздерінің қарым-қатынастарын сол діннің қағидаларына негіздейді. Тарихта дінді ұстанбайтын адам болғанымен, діннен тыс қалған қоғамның болмағандығы ақиқат. Олай болса, ең маңызды мәселе қоғамды діннен ажырату емес, керісінше дінді қоғамда дұрыс қалыптастыру, адамдарға дұрыс мәліметтер беру, днді ешқандай бір күштің немесе саясаттың құралына айналдырмай, таза қалпында, халықтың рухани құндылықтарына сай етіп жеткізу әр қоғамның мәдени рухани міндетіне жатады және әрбір саналы азаматтың парызы болып табылмақ.
Қазақ мемлекеті құрылған кезеңінен бастап мұсылмандық құқықтық нормаларға жүгінді. Керей мен Жәнібектен бастап барлық қазақ хандары ең соңғы хан Кенесарыға (1847ж. қайтыс болды) дейін шариғатқа жүгінетіндіктерін атап кеткен. Қасым хан мен Есім хан қабылдаған көшпелі мемлекеттің дала заңдарына шариғаттың үлкен ықпалы болды. Тәуке ханның (шамамен 1718 ж. қайтыс болған) «Жеті Жарғы» заңдар кодексін қабылдауы исламның қоғамдық өмір мен заңдық тәжірибеде қолданылуына айтарлықтай үлкен қадам болды. Бұл – мемлекеттің ислам дінін қолдағанын дәлелдейді. Алайда, хандықтың істері толығымен шариғатпен жүргізілгені жоқ: Тәуке ханның «Жеті жарғысындағы» 34 тармағының тек 3-еуі дінге қатысты болса, 31-і адам құқықтары мен қоғамдық қатынастарға арналған. Қазақ хандары ел билеуде қожа-молдаларға емес, ел билерінің кеңестеріне жүгініп отырғаны тарихтан белгілі. Яғни дінияуи істер дін ұстанымдарына ғана емес, нақты жағдайлар мен әдет заңдарына да сүйеніп, шешімін тауып отырды. Қазақ хандығында қалыптасқан қоғамның құрылымы заңды түрде бекітіліп, жүз бен руға бөлінбейтін ақсүйектерге басымдық берілді. Шыңғыс ұрпағынан тараған төрелер мен Мұхаммед пайғамбар және оның төрт халифасының ұрпақтары деп есептелетін қожалар ақсүйектер қатарына жатты. «Жеті Жарғы» заңдар жүйесінде қожалардың әлеуметтік дәрежесін ерекшелеу ислам дінінің жоғары әлеуметтік деңгейін көрсетеді. Қазақ хандығында дінбасылар ешқашан мемлекет басшысы болмаған, бірақ хандық кезеңде билер кеңесі, сонымен қатар ислам өкілі қатар әрекет етті. Хан екі жақты шешімді негізге ала отырып, шешім қабылдаушы рөлін атқарды. Хан ешқашан молдалар ісіне және молда да хан ісіне араласпайтын тәртіп қалыптасты.
ҚР Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. «Зайырлылық» ұғымы конституциялық негізде мемлекеттің барлық саласында, соның ішінде дін саласында да ашық саясатты ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Яғни, зайырлылық – діндарлық немесе діннен бас тарту емес.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы айтпақшы, зайырлы және төзімді, толерантты болу дегеніміз бәріне көз жұма қарап, жайбарақат отыру деген сөз емес. Радикалды ағымдар мен діни сепаратизмге ортамызда орын жоқ. Зайырлы болудың басты мәні – халық, ұлт арасындағы бейбітшілік, теңдікті қалыптастыру. Зайырлы қоғам сенімдердің санына қарамастан, бірлікте өмір сүруге мүмкіндік береді. Сондықтан бұл бүгінгі күннің қажеттілігі болып табылады. Мемлекет пен діннің арақатынасындағы тірі байланыстар зайырлы және рухани құндылықтардың арақатынас негізінде орнатылады.
Ұ.Перден
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы