Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » «ҚҰРСАҚ ШАШУ» ДӘСТҮРІН БІЛЕСІЗ БЕ?

«ҚҰРСАҚ ШАШУ» ДӘСТҮРІН БІЛЕСІЗ БЕ?

«Балалы үй – базар» демекші, әрбір отау көтерген жанның арманы – перзент сүйіп, ұрпақ өрбіту. Үйдің үлкендері де «Балам – балым, баламның баласы – жаным» деп, немере сүйгісі келеді. Жас келінге ырымдап ұлтабар жегізуінің де сыры осы болса керек. Иіліп сәлем салған жас келінге үлкендер тарапынан айтылатын «Ұл тап», «Үбірлі, шүбірлі бол» деген ақ тілектерлегі де адам өмірінде ұрпақтың айрықша орын алатынын аңғартады.
«Ертеректе келін бойындағы кішкентай өзгерістің өзін қалт жібермей, оның себебін турасынан сұрамай, қамқорлық жасаған. Тек ене ғана емес, абысын-ажыны, ауылдағы жанашыр аналар жақсылықтың нышаны қашан байқалар екен деп қадағалап күте бастайды. Асқа тәбеті соқпай, бойында өзгерісі бар келінді байқаған жан оның енесіне келіп, «Келініңіз ақ алғысты болыпты» – деп астарлап жеткізеді. Жөн білетін ене бұл қуанышқа ризашылығын білдіріп, «құлақсүйіншісін» береді. Мұнан кейін сол үйдің енесі ақ орамалды үлкен үйдің оң босағасына байлайды. Бұл келіннің «ақ алғысты» болғанын өзгелерге жеткізіп, жақсылықты жариялау. Сол белгіні көрген ауыл адамдары да оған құрметпен қарап, қол көмегін көрсетуді өздеріне парыз санаған» дейді Зейнеп Ахметова. Ұрпақ қамын ойлаған ардақты ене арнайы дастарқан жайып, ауылдағы әйелдерді қонаққа шақырған. Бұл дәстүр «құрсақ шашу», кейде «құрсақ той» деп те аталған. Бұл тойға келген әйелдер өзімен бірге түрлі дәм алып келеді. Ондағысы – келіннің жерік асын табуына көмектесу. Егер сол астың арасынан келіннің жерік асы табылса, әкелген әйел қуанып, жерігі басылғанша қамқор болады. Ал жерік асы табылмаса, әйелдер ғана емес, күйеуі, қайнысы, дос-жараны табуға жәрдемдеседі.
Бұл салт «Алпамыс батыр» жырында да көрініс табады. Ақселеу Сейдімбекұлының нұсқасында «…Жақсы нышанды көздері көріп, көңілі орныққан ел-жұрты сол жерде құтты болсын айтысып, Байбөрінің төбедей ақ ордасының төріне жеткізе құрсақ шашу шашты» деп баяндайды. Осыған қарап-ақ дәстүрдің тамыры тереңде, көздегені алыста екенін аңғарамыз.
Бүгінде бұл дәстүр сирек кездеседі. Ал, кейбір тойлаушылар үлкен мейрамханада «құрсақ шашу» тойының мағынасы мен мәні өзгертіп, дастарқанын сыра мен ішімдікке толтырып, жүздеген адамның басын қосып өткізуде. Тіпті, заты ғана емес, аты да өзгеріп, «Gender party» деп аталып жүр. Қазіргі жастарымыз бүкіл туыстарын, достарын тіпті ата-енесін жинап, «Gender party» тойын дүрілдетіп өткізуде. Яғни аяғы ауыр келіншек немесе, ерлі-зайыптылардың достары ультрадыбыстық зерттеуден соң, баланың жынысын басқаларға түрлі жолмен сүйіншілеп жеткізу үрдіс болып барады. Тіпті аяғы ауыр келіндеріміз әке-шешесі мен ағаларының алдында қымсынбай еркін жүреді. Көпке топырақ шашқаным емес, қазіргі кезде жасырын жүрмек түгілі, көшеде тылтыйтып, жабыстырып киініп алғандарын көреміз. Сонын орнына тылтыйған киім емес, етек жеңі-ұзын кең көйлек кимеске болмай ма? Осы тұста әжемнің сөзі жиі еске түседі. Әжем — «жүктілігін жасырған келіннің тәрбиесі мықты болады» — деп айтушы еді.
Ендеше, атадан қалған дәстүрдің қадірін кетірмей орынды қолданғанымыз абзал. Әркім өз қалауына қарай салт-дәстүрді өзгерте берсе ұлттығымыздан не қалады? Адамзат тіршілігі құрсақтан бастау алатынын ескерсек, оған айрықша мән берген ұлттық дәстүрді ұлықтағанымыз жөн.
Гүлжауһар ПАЗЫЛБЕКОВА,
Шымкент қаласы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*