Көптеген мәдениеттерде төзімділік (толерантность) латынның – tolerantia; ағылшынның – tolerantion; немістің – toleranze; француздың – tolerance сөздерінің синонимы ретінде қалыптасқан. Біздер осылардың баламасы ретінде «төзімділік» сөзін алып жүрміз. Ресей энциклопедиялық сөздіктерінде толерантность сөзін – шыдау деп берген яғни, басқалардың пікіріне, іс-әрекеті мен қимылына шыдамдылық таныту, сабырлық көрсету деген мағынаны білдіреді. Ал енді ислам мәдениетінде төзімділік сөзін – әт-тасамух сөзімен баламалайды.
Әт-тасамух араб тілінде бірнеше мағынаны білдіреді. Мұның төзімділікке қатысты мағынасы: өзгенің пікіріне, іс-қимылына сабырлық таныту, оған кешіріммен қарай білу.
Әт-тасамух сөзінің жасалу формасының өзі араб тілі білімінде бірнеше адамдардың арасында болатын іс-әрекетті білдіреді. Адамдар өзара жұмсақ мінезді, мейірімді, бір-біріне кешіріммен қарап, сабырлық танытулары керек деген сөз.
Жалпы исламдағы төзімділік мағынасын бір немесе екі адамның қаламымен толықтай қамту мүмкін емес. Ислам – мұсылман халықтарының асыл қасиеттері көрініс тапқан үлкен мәдениет. Адамгершілік құндылықтарын ту етіп ұстанған Ислам ерекшелігін білу өмір сұранысымен туындап отырған рухани қажеттілік.
Ұлттық бірлік пен келісімнің бірегей үлгісі. Ұлттық патриотизм идеясын қалыптастырудағы діннің алатын орны.
Қазіргі таңда әлемде жүріп жатқан жаһандану үдерістері ел тәуелсіздігіне, ұлттық мәдениетке экономикалық дербестікке, жалпы алғанда халқымыздың болашағына қалай әсер ететіндігі баршаны толғандырып келеді. Тәуелсіздігімізді алғалы бері жалпы халқымыз, әсіресе жас ұрпақ дінге ерекше ден қойды.
Себебі адамзат қоғамы пайда болғалы бері адамзат баласының дінге деген қатынасының маңыздылығы ешқашан жойылған емес.
Дін адамзат баласының ең терең рухани қажеттіліктерін қанағаттандыратын күш болып табылады. Сондықтан дінді дұрыс, жете түсінбеу қоғамда түрлі сенім негізінде адамдар арасындағы, конфессия арасындағы, халықтар арасындағы қайшылықтарға алып келеді.
Асылында бір де бір шынайы дін адамзатты зұлымдыққа, жамандыққа шақырмайды. Керісінше қиын кездер де адамға рухани азық беріп, қолдау болып, қоғамның ұйытқысына айналады. Сол себептен діннің негізін, ішкі рухани дүниесін, шығу тарихын, даму барысындағы түрлі ағым бағыттарындағы көзқарасын, ерекшеліктерін зерттеу маңызды.
Сонымен қатар, сол діндегі құндылықтарды әр қырынан тану қажет. Осы орайда Қазақстан халқының тарихи және мәдени діні Исламдағы құндылықтар жүйесін, оның ішіндегі төзімділік мәселесіне біршама зерттеу жүргізгеніміз мақұл. Себебі тілі мен діні әртүрлі көпэтносты мемлекетімізде татулық пен бірліктің негізгі ұйытқыларының бірі – қазақ халқы, қазақтың жомарттығы мен меймандос көңілі.
Ұлт қауіпсіздігі- халықтың белгілі бір топтарын радикалдандыруға әсер ететін деструктивті діни ағымдардың қызметі.
Мемлекетіміз тәуелсіздік алған қысқа мерзім ішінде елімізде исламның немесе басқа діндердің атын жамылған дәстүрлі емес діни ағымдар пайда бола бастағаны белгілі. Барлығына болмаса да, кейбір теріс пиғылды діни ағымдар мен ұйымдардың қызметіне сот шешімімен тыйым салынып, таралуына шектеу қойылды.
Бірақ қазірге дейін елімізде тыйым салынған діни ағымдар тізімінен тиісті орнын алмай, қылмыстық немесе лаңкестік әректтерге барған кейбір ерушілеріне ғана шара қолданылып жатқан секта бар. Бұл уахабилік-сәләфилік ағым.
Сәләфизм сөзінің түптөркіні араб тіліндегі «сәләф» яғни бұрынғы өткен, бұрынғылар деген сөзден келіп шыққан. Ислам тарихындағы алғашқы үш буын – Мұхаммед пайғамбардың, сахабалардың және олардың шәкірттері табиғиндердің кезеңдеріне «сәләф» деп айтылады.
Сонымен қатар бұл үш буынның ұстанған жолы нағыз ақиқат әрі дұрыс болып саналады. Қазіргі таңдағы сәләфилер өздерін біз алғашқы үш буынның жолын ұстанушылармыз, сондықтан біз сәләфилерміз деп жариялауда. Бұл топ өзін қаншалықты алғашқылардың жолын ұстанушы – «сәләфилер» деп атағанымен уахабилік қозғалысының жалғасы екенін жасыра алмайды.
Себебі, шын мәнінде, аталмыш топтың ілімі мен көзқарастары ХІІ-ХІІІ ғасырларда Дамаск қаласында өмір сүрген Ибн Таймия, оның шәкірті Ибн әль-Қайим, ХVIII ғасырда Сауд Аравияның солтүстік өлкесінен шыққан Мухаммад ибн Абдульуаххабтың, біздің ғасырда Ибн Баз, Ибн әл-Усеймин, Альбани, Фаузан секілді кісілердің дінге қатысты пікірлеріне негізделеді.
Ал, уахабилік ағым иедологиясының адасқан тұстарының бірі, олардың ғалымдары шариғаттағы «Алла разылығы үшін жек көріп, оның разылығы үшін жақсы көру» яғни «әль-уәлә уаль баро» мәселесін бұрмалап түсіндіреді.
Діншілдік пен тәкаппарлық.
Теріс пиғылды діни ағымдар ұйым мүшелерінің құқығын бұзып, «сананы бақылау» әдісі арқылы денсаулығына, психикасына зиянын тигізеді. Көптеген миссионерлер жергілікті халық көп шоғырланған елді мекендерде тұрып, қызметтерін табысты атқару үшін сол халықтың тілін, әдет-ғұрпын, мінез-құлықтарын жеткілікті деңгейде зерттеп, үйренеді.
Жұмыссыздар, өмірден өз орнын таппағандар, рухани күйзелісте жүргендер, жеке басы мен отбасының психологиялық қиындықтарына төзе алмағандар, дәстүрлі діндерді терең білмейтіндер, әсіресе өмірлік ұстанымдары қалыптаспаған жастар теріс пиғылды ағымдар идеологиясына тез арбалады.
Дін атын жамылып, дүнияуи мақсаттарды көздеген, прозелитизммен белсенді айналысып, сенушілерді дәстүрлі діндерден ажыратуды мақсат еткен теріс пиғылды жат ағымдар жүргізген идеологиялық шабуылдардың бірі – қазақ ұлтын христиандықпен ежелден етене байланысқан ел секілді көрсетіп, мәсіхшілікті ата діннен айырғысыз етіп дәріптеу, Тәурат пен Інжілдегі Құранмен сәйкестіктерді өз мақсаттарына пайдаланып, исламды христиандық конфессиялардың берісі – көшірмесі, арысы бұрмаланған нұсқасы ретінде танытуға тырысу әрекеттеріне бағытталуда.
Дін атын жамылған радикалды және теріс пиғылды ағымдардың белсенді әрекетінің салдарынан дәстүрлі қазақ қоғамын қалыптастырған рухани құндылықтар күйзеліске ұшырап, ішкі тұрақтылыққа қауіп төнеді. Осы типтегі ағымдар діни бірлестік ретінде тіркелмей идеологиялық тәсілдерді пайдаланатындықтан, оларға қарсы күрестің негізгі жолы да идеологиялық ағарту шаралары болатындығы белгілі.
Қазақстан Республикасының Ата Заңы мен басқа да заңнамаларының нормаларына қайшы іс-әрекет жасаған, ел азаматтарының ар-ождан бостандығы мен діни сеніміне нұқсан келтіріп, өмірі мен денсаулығына қатер төндірген, отбасының бұзылуына себепкер болған, тағы басқа заңға қайшы іс-әрекеттер жасағаны анықталған теріс пиғылды діни ағымдардың ел аумағындағы қызметіне сот шешімімен тыйым салынады.
Деструктивті діни идеологияның жетегінде кету фактілері.
Бүгінде асыл дінімізбен мүлдем жанаспайтын жат ағымдар жетегінде кеткен қаншама қандастарымыз өз жақындарынан, достарынан теріс айналып жатқаны жоқ емес. Мұндай түрлі жат ағымдардың жетегіне ерген жас азаматтарымыз балаларына тиісті медициналық екпе ектіруден бас тартып, мектептегі сабақтарын тастап, мектеп жасындағы ұл-қыздардың музыка тыңдауына – қарсылық білдіріп, мемлекеттік әнұранды тыңдауды және туға құрмет көрсетуді харам дейтіндер де бар.
Осындай бір ағымдардың теріс пиғылды уағыздарының салдарынан еліміздегі кейбір ұл-қыздарымыз отбасы мүшелерінен, үй-меншіктерінен айырылып, түрлі психикалық ауруларға шалдығып, өз-өзіне қол салып, әр түрлі жағымсыз жағдайларға тап болып жатқандарын да жоққа шығаруға болмайды.
Айта кетерлік жәйт, деструктивті ағымдардың жетегінде кеткен жастарды, жалпы адамдарды қоғамға қайтару аса қиынға соғады. Себебі олардың сана-сезімдерін уландырғаны соншама, олар кірген жат ағымның «көсемі» не айтса, соны екі етпей орындайтын жанды роботқа немесе сарбаздарға айналады.
Сондықтан ата дәстүрімізбен біте қайнасқан дәстүрлі жолымыздан адаспайық ағайын.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары