Елімізде теологтар мен дінтанушылар тарапынан деструктивті ағым өкілдерін дәстүрлі Исламға қайтару ғылыми форматта дәлелдемелік негізбен жасалып, түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылуда. Қасиетті Құранның аяттары, хадистер, Ислам әлемінің іргелі ғалымдары мен қазақ ағартушыларының еңбектері негізінде радикалды ағым өкілдерінің ұстанымдары теріске шығарылады.
Нысаналы жұмыстар белгілі бір аумақтың діни ғимараттарында, оқу орындарында, мектептерде, сонымен қатар үйде немесе басқа да ыңғайлы жағдайларда орындалды.
Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелілігін арттыру мақсатында, деструктивті ағым өкілдерінің ата-аналарымен де мерзімді түрде кездесулер өткізіліп тұрады.
Деструктивті ағымдарға өтуді болдырмау мақсатында ел тұрғындары, оның ішінде жастар, діни негіздегі радикалдық идеологияға бейім және ұшыраған азаматтарға, интернет-аудиторияға, діни рәсімдерді орындайтын адамдарға экстремизм мен терроризм идеяларын қажетсінбейтін сананы қалыптастыруға бағытталған кешенді алдын алу жұмыстары іске асырылуда.
Өзара іс-қимыл: дін саласындағы мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу.
Бүгінде ел аумағындағы діни кеңістікте жасырын немесе жария зияндылығын тигізіп жатқан дәстүрлі емес деструктивті ағымдардың көрініс беретіні жасырын емес.
Осы бағытта басшылыққа алуға тиіс бірқатар мәселелер бар. Конфессия, ұлт, этносаралық төзімділікті, азаматтық келісімді, саяси тұрақтылықты және діни сұрақтарда тек қана ҚМДБ фәтуалары мен шешімдерін негізге алу керектігін насихаттау;
Қазақстандықтардың санасында деструктивті жалған діни ағымдардың идеологиясын қабылдамайтын иммунитет қалыптастыру;
Ксенофобты, агрессиялы, радикалды діни сенімдер мен идеологиялардың болмысы мен зиянкестігін ашып көрсету;
Қазақ халқының ұлттық, діни, дәстүрлі, рухани құндылықтарын сақтау әрі дамыту;
Діни сұрақтарда тек қана ҚМДБ фәтуалары және шешімдерін негізге алуды насихаттап, адасқан ағымдардың идеологиясын ата-бабаларымыз ұстанған Әбу Ханифа мазһабынан концептуалды түрде ажыратып беру.
Діни кеңістіктегі сұрақтарды реттейтін заңнамаларды қоғамға ашып түсіндіру болмақ.
Бұл бағыттарда мемлекеттік жергілікті атқару органдары мен құзырлы мекемелер тарапынан арнайы тұжырымдама негізінде жұмыстар жүргізуде. Дегенмен, әлі де болса жұмыстарды күшейту қажетпіз.
Діни экстремизм және радикализм идеологиялары.
Экстремистік діни құрылымдар деструктивті сипаттағы мақсаттарды алға қойып, елдің конституциялық құрылысын күшпен өзгертудi, оның егемендігі мен аумағының тұтастығын бұзуды, өкiметтi күшпен басып алуды, заңсыз әскерилендiрілген құралымдарды құруды, сондай-ақ қоғам ішінде діни өшпенділіктер мен алауыздықты қоздыруды көздейді.
Радикалды діни ағым саналатын псевдосалафизмнен бастау алатын Мадхалиттерден хабардар болайық.
Мадхалиттер – Раби ибн Хади әл-Мадхалидің (1932 ж. дүниеге келген) көзқарастарын ұстанған мәдиналық сәләфилерге берілген атау. Таяу Шығыста қалыптасқан жағдайға орай, 1991 жылы Сауд Арабия территориясына Америка әскерлерін кіргізуге байланысты мәселеде ел ғалымдарының пікірі екіге жарылып, бір топ әскер кіргізуді күпірлік деп тапқан.
Тегі эфиопиялық Мұхаммед Аман әл-Жами өкіметтің ұстанымын қолдап, қарсы шыққандарды харижиттер деп жариялаған. Бұл сол кездегі билікке ұнап, Саудияда жамия деген топ пайда болды. Өкіметтің қолдауымен олар күш алып, өздеріне қарсы шыққандардың бәрін адасушылық, бидғатшылық және өкіметке қарсы шығумен кінәлады. Кейін оның пікірлерін осы Раби әл-Мадхали жалғастырды. Мамандардың айтуы бойынша, Раби әл-Мадхалидің ұстанымдары «Мұсылман бауырлар» және Сәйд Құтыптың көзқарасына реакция ретінде пайда болған. Кезінде оның өзі жиырма жылға жуық осы «мұсылман бауырлардың» арасында жүрген. Ол Сәйд Құтыптың әділетсіз басшыға қарсы шығу керек деген ұстанымына қарсы шыққан. Осылайша ол «мұсылман бауырлар» мен Құтыпты әрдайым кінәлап, оған қатысты арнайы еңбек те жазған. Олардың ұстанымдарынан бұл өте айқын байқалады. Өздеріне ұнамаған суруриттерді көбіне «ихуан», «құтыпшылдар» немесе харижиттер т.б. секілді жағымсыз атаулармен атап, өздерін ақ қылып көрсетікісі келді.
Қоғамдағы әртүрлі топтардың арасында діни экстремизмнің алдын алу.
Қоғамдағы әртүрлі топтардың арасында діни экстремизмнің алдын алу мақсатында салафизм діни ағымынан бастау алатын суруриттер жөнінде жеткізуді жөн көрдік.
Суруриттер: Олар – мемлекеттің елге Америка әскерлерін кіргізу шешіміне қарсы шығып, сол кездегі билікті күпірлікпен айыптаған мәдиналық сәләфи жамағат. Олардың басшысы Сириялық Мұхаммед әс -Сурури. Әлбани оларға осы суруриттер деген атауды беріп, үмбеттің харижиттері деп атаған екен.
Мұхаммед әс-Сурури 50-60 жылдары «мұсылман бауырлар» ұйымының белсенді мүшесі болған. Сәйд Құтыптың әделітсіз басшыға қарсы шығу керек деген идеяларын жалғастырумен қатар, сол кездегі ихуандарды дәстүрлі сунниттік бағытты ұстау жолында реформа жасауға шақырды. Алайда сириялық ихуандар (Мұхаммед әл Бәннаның ізін жалғастырушылар) бір ғана жолды ұстанып, өзге ағымдарды жамандау ихуандардың жағдайын әлсіретіп, халықты билікті құлатуға қарсы көтеруге кедергі келтіреді деп санайтын. 1967 жылы Сирия өкіметінің ихуандармен қақтығысуы нәтижесінде Мухаммед әс-Сурур Сауд Арабиясына қашады. Осында жүріп өз насихатарын жүргізеді. Оның ең белсенді шәкіртінің бірі Сәлман әл-Ауда, кейін осы саудиялық суруриттердің лидеріне айналады.
Мемлекет билігінің кәпір елдермен қарым қатынас жасамауы қажет деп санайды. Саудиялық суруриттер бес уақыт намаз оқымаған мұсылманды кәпірге санайды. Бұл топ та Ибн Тәймия мен оның идеяларын саясиландырып жалғастырған Мұхаммед Абдулуаххабтың көзқарастарын ұстанады.
Дәстүрлі дін жолынан айнымас үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мешіт мамандарына жүгінген дұрыс.
Мемлекеттің діни бірлестіктермен өзара іс-қимылының қазақстандық моделі: Бұқаралық ақпарат құралдары мен діни бірлестіктер.
Діни экстремизмнің пайда болуы мен көріністері бұл күндері жан-жақты зерттеліп, оған қарсы тұрудың саяси-әлеуметтік, құқықтық тетіктері жасалды, әрі олар жылдан-жылға жетілдірілуде. Соның нәтижесінде бірқатар кері ағымдар қызметі тоқтатылып, олардың жымысқы әрекеттері жалпы халық алдында әшкереленді. Экстремистік және лаңкестік әрекеттері үшін қаншама азаматтар, солардың қатарында жастар бас бостандықтарынан айрылып, абақтыға жабылды.
Радикалды идеологияның таралуын құқықтық немесе күш көрсетумен ғана тоқтату мүмкін еместігін орынды түсінген Қазақстан жергілікті діни-рухани бірден-бір жолы дәстүрлі діни ұстанымды кеңінен дамытуға баса көңіл бөлуде.
Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (діни бірлестік) жұмысының белсенділігін арттыруға, діни қызметкерлері мен имамдары қатарының білікті мамандармен толықтырылуына тиісті қолдау көрсетуде.
Діни экстремизм әрекеттері мен діни адасушылыққа жол бермеуде тұрғындар арасында діни ағартушылық тәрбиелеу жұмыстарына баса мән берілуде.
Сонымен бірге атқарылып отырған жұмыстардың әсерлі болуында бұқаралық ақпарат құралдарының да маңызы мен рөлі ескерілуде. Оларда қазіргі күні атқарылған шараларды жарыққа шығарып хабарлаумен қатар, арнайы діни мәселелер, ұлттық құндылықтар төңірегінде бағдарламалар, ток-шоулар ұйымдастырылуда.
Ақпараттық заманда өмірдегі келеңсіздіктер мен діни экстремизм идеологиялары, лаңкестікке жол бермеу, олардың алдын алуда БАҚ құралдарының орны мен мүмкіндіктері зор екендігі мәлім. Сондықтан оның жұмысы одан әрі белсендіре түспек.
Псевдосалафизмде отбасы-неке қатынастары.
Неке – отбасын құрудың негізі болып табылады. Ерлі – зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туындататын отбасын құру мақсатымен, арнайы заңда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықтық одақты – неке деп түсініледі.
Зайырлы сипаттағы мемлекетімізде отбасындағы әрбір азаматтың өздеріне тиесілі құқықтары «Неке және отбасы құқығы» туралы Заңмен қорғалады.
Ислам құқығында отбасы құрудың алғашқы шарты неке қидыру болып табылады. Неке қиюдың өз шарттары бар. Біріншіден, екі жастың ризашылығының болуы. Яғни, екі адамның бір шаңырақ астында тұра алатындығын түсініп, өз жүрек қалауларымен келісуі. Неке материалдық жағдайға байланысты немесе қиындықтардан арылу үшін ықылассыз, мәжбүрлі болмауы керек. Екіншіден, екі куәгердің болуы. Куә болатын адам – осы екі адамның отбасын құрып, бірге тұра алатынына кепілдік беретін адам. Үшіншіден, қызға сұраған сыйын беру (мәһір). Некесіз екі жастың қосылуына ислам діні қатаң тыйым салады. Яғни, некесіз отбасы, отбасынсыз неке болмайды.
Қазіргі таңда салафизмді ұстанушылардың арасында кең етек алған заңсыз неке мен талақ мәселесі еліміздегі отбасы институтына қауіп төндіретін үлкен проблемаға айналып отыр. Шариғи қағидаларды бұрмалап түсіндіретін салафилердің некелесу мен ажырасуға ат үсті қарауы қоғамда отбасылардың бұзылу фактілерінің жиіленуіне ықпал етеді.
Салафилік топтардың ішінде әділет органдарына заңды некеге тіркелмей, ата-анасының рұқсатынсыз некесін қидырудың салдарынан аз уақыт ішінде 4-5, тіпті 11 рет тұрмысқа шығып үлгерген бойжеткендерді көруге болады. Бойжеткендер әр некедегі күйеулерінен негізсіз «талақ» алған соң балаларымен баспанасыз, қамқорлықсыз қалып қойып отыр.
Отбасылық жауапкершіліктен бас тартқан салафилердің мұндай әрекеттерінен көптеген қыз-келіншектер, әйел-аналар, сәбилер тастанды хәлге ұшырауда. Сондай-ақ, әйеліне ұялы байланыстан «талақ» деген смс-хабарламаны жіберу арқылы отбасылық жауапкершіліктен қашқақтау осы салафилікті ұстанған азаматтардың арасында әдетке айналғандығы жасырын емес. Қас пен көздің арасында неке қиып, қас пен көздің арасында талақ айтып, бауырларының біріне сыйға тарту арқылы некесін де қиып жіберетін теріс діни ағымның ықпалынан аулақ болайық.
Мемлекет пен діни бірлестіктер.
Қазақстан – көп ұлтты көп конфессионалды мемлекет. Елімізде 30-дан астам этнос пен 18 конфессия өкілдері тұрады. Егемендік алғаннан кейінгі 30 жылға жуық уақытта елімізде діни бірлестіктердің саны 700 ден 4000-ға дейін өскен.
Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы» Заңда еліміздегі діни бірлестіктердің мәртебесін үшке бөлген. Яғни, діни бірлестіктер жергілікті, өңірлік және республикалық мәртебесі бар діни бірлестіктер болып жіктеледі. Сондай-ақ, бұрынғыдай он адамның қолын жинап, діни бірлестік құра салу практикасы тоқтатылған.
Сонымен қатар, жергілікті мәртебедегі діни бірлестік құру үшін, бастамашы ретінде ҚР азаматтары қатарынан елу адам жинау қажет болса, өңірлік діни бірлестік құру үшін бес жүз адам, ал республикалық діни бірлестік құру үшін бес мың адам жинау талабы қойылды.
Бұл еліміздің дін саласындағы заңнамада ілгері басушылық болып табылады.
Дін мен мемлекет — қоғамның ажырамас элементтері. Зайырлы мемлекет қағидасы бойынша діннің мемлекетке үстемдік етуіне жол берілмейді, дін мемлекет істеріне араласпайды, алайда, зайырлы мемлекет дінді де мүлдем жоққа шығармайды.
Мемлекет тарапынан әрбір діни бірлестікке, конфессияға барлық жағдайлар жасалып, дін ұстану бостандығы негізінде құлшылық жасаушыларға ешқандай кедергі жоқ.
Діни мақсаттағы заттарды тарату заңдылығы.
Бүгінде дінді әртүрлі құралдар арқылы насихат жүргізуге болады. Атап айтқанда, баспа өнімдері, ғаламтор, әлеуметтік желілер. Дін істері комитеті тарапынан дінтану сараптамасы арқылы мыңдаған әлеуметтік желілерде ашылған парақшалар мен діни сайттар жабылып, жүздеген діни әдебиеттер дінтану сараптамасынан өтпеуіне бір ғана себеп, олардың жазбалары мен идеологиясы қоғамда іріткі салуы мүмкін.
Елімізде діни әдебиетті немесе діни мазмұндағы басқа да материалдарды кез келген жерде сатуға және таратуға заңмен тосқауыл қойылған.
Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, әзірлеуге, шығаруға, басып шығаруға және (немесе) таратуға мүлдем болмайды. Бұған арнайы әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің арнайы 490-бабымен әкімшілік жауапкершілік қаралған, жеке тұлғаларға – 50, заңды тұлғаларға 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес, діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни жораларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын анықтау бойынша нақты көрсетілген.
Тәуелсіздік алған жылдары діни мазмұндағы кітаптар мен заттарды кез келген сату дүкендерінде немесе басқа да сауда орталықтарында сатылған болса, заңға сәйкес, арнайы орындар белгіленіп, ол жердің өзінде дінтану сараптамасынан өткен діни әдебиеттер ғана сатылады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары