
Отырысқа «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, кеңес төрағасы Алмас Салимов, комиссия мүшелері, салалық басқарма басшылары және аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Алғаш болып сөз алған Алтынсары Дүйсенбекұлы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету партиялық бақылаудың басты, әрі жауапты бағыттарының бірі екенін ерекше атап өтті. Ол табиғи қауіп-қатердің алдын алу, әсіресе су тасқыны жиі байқалатын өңірлерде, жүйелі түрде жүргізілуі тиіс екенін айтты. Түркістан облысы еліміздегі су басу қаупі жоғары аймақтардың бірі екенін еске сала келе, 2023 жылы Сауран, Бәйдібек, Кентау, Ордабасы және тағы басқа аудандарда орын алған төтенше жағдайларды мысал ретінде келтірді. Сол жылы 21 елді мекенді су басып, 234 ауланың зардап шеккенін айтып, бұл жағдайдың әрбір тұрғын үшін қаншалықты маңызды әрі сезімтал мәселе екенін жеткізді. Оның сөзінше, бұл оқиғалар алдын алу шараларын күшейтудің, инфрақұрылымды нығайтудың және халықпен тығыз жұмыс жүргізудің өзектілігін айқын көрсетіп отыр.
Партиялық бақылау жөніндегі инспектор Асқар Еркінбеков Жол картасындағы индикаторлар бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Партия бағдарламасы негізінде Төтенше жағдайлар департаментіне бекітілген 4 индикатордың екеуі орындалған. Сауран ауданының Ораңғай ауылындағы №41 өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілген. Қалған объектілерге қаржы бөлінбей, құжаттамалар әзір күйінде қалуда. Сонымен бірге «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ашылған 5 өрт бекетінің қазір жұмыс істемей тұрғаны сынға алынды.

Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Думан Қыдырмоллаев өңірде ережеге сай 73 өрт депосы болуы тиіс болса, қазіргі таңда 42 өрт депосы бар екенін, яғни тағы 31 нысанға қажеттілік бар екенін жеткізді. Су қоймаларының 50–70 жыл бойы жөндеусіз пайдаланылып келе жатқаны, көбінің қауіпсіздік декларациясы жасалмағаны және ескерту жүйелері орнатылмағаны да үлкен қауіп тудыратыны айтылды.
Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Санжар Бүрлібаев 39 іс-шараның 32-сі орындалғанын, қалғандары жоспар бойынша жүріп жатқанын айтты. Су қоймаларының толу деңгейі орта есеппен 17–20 пайыз екені, өзен суының деңгейі төмен екені жеткізілді. Ал «Қазгидромет» өкілдері биылғы қыс қалыпты жылы болатынын хабарлады.

Талқылау қорытындысында Жол картасының орындалуы мен су тасқынына дайындық бойынша бірнеше бағытта қаулы қабылданып, оның орындалуы партиялық бақылау комиссиясының тұрақты назарында болатыны мәлімделді.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары