«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының бастамасымен музей-қорыққа қарасты Жүсіп ата кесенесіне баспасөз туры ұйымдастырылды. Тарихшылардың айтуынша, халық арасында «Ғашық Жүсіп» атанған әулие – Қожа Ахмет Ясауидің замандасы, тіпті жиені болуы мүмкін деген ақпараттар бар. Бұл деректерді мамандар да толық жоққа шығармайды.

Жүсіп ата кесенесі Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды рухани нысандардың бірі саналады. «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына қарасты бұл кесене республикалық маңызы бар ескерткіш ретінде мемлекет назарында. Соңғы жылдары жүргізілген қалпына келтіру жұмыстары мен демеушілік қолдаулар оның туристік әлеуетін арттыра түскен.

Пресс-тур барысында қатысушыларға ең алдымен зиярат жасауға мүмкіндік берілді. Одан кейін музей-қорықтың Қоғаммен байланыс бөлімі басшысы Сейсенбай Ахмет іс-шараның мақсаты туралы айтып, Жүсіп ата кесенесінің тарихи және рухани құндылықтарын атап өтті. Демеуші Рахматжан Абдусаттаров бастамасымен кесене жанынан салынған Сапар орталығы да таныстырылды. Төрт бөлмеден тұратын орталықта музей экспозициясы, қонақ бөлмелері мен қызмет көрсету алаңдары қарастырылған.

Археолог Марат Тұяқбаев кесененің XV ғасырлық сәулет ерекшеліктерін, кірпіш құрылымдарының түпнұсқалығын және қалпына келтіру кезеңдерін түсіндірді. Шара соңында өңірлік туризмді дамыту бағытындағы ұсыныстар ақ дастархан басында талқыланды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары