Түркістан облысында егінге қажетті суды тиімді бөлу мақсатында вегетация кезеңіндегі күтілетін су көлемі ескеріліп, ылғалсүйгіш дақылдарды егу лимиттері қайта қаралды, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл мәселе Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Түркістанда өткен 2026 жылғы вегетация кезеңіне дайындыққа арналған кеңесте талқыланды. Жиынға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, су шаруашылығы ұйымдарының, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ аймақ диқандары қатысты.
Кеңесте келесі жылға арналған трансшекаралық судың келу болжамдары мен суару маусымында су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету жолдары қаралды. Шаруаларға су тапшылығы қаупін азайту үшін су үнемдеу технологияларын енгізу және ылғалды көп қажет ететін дақылдар көлемін қысқарту қажеттігі түсіндірілді.

– Ашхабадта өткен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында келесі жылы су көлемінің азаюы мүмкін екені айтылды. Тоқтоғұл су қоймасындағы су деңгейі рекордтық төмен көрсеткішке жетуі ықтимал. Қазақстанның оңтүстігінде көктемнен бері жауын-шашын аз болды. Бұл – бүкіл аймақ елдеріне ортақ табиғи құбылыс. Сондықтан су үнемдеу технологияларын белсенді енгізу және ылғалды көп қажет ететін дақылдарды егу лимиттерін қайта қарау өте өзекті. Жаңа лимиттер 2026 жылғы вегетация кезеңінде күтілетін 10 млрд текше метр су көлеміне негізделіп есептеледі. Лимиттердің сақталуы қатаң бақылауда болады, – деді Қанат Бозымбаев.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Түркістан облысында алдағы вегетация кезеңінде күріш егілетін алқап көлемі 3,5 мың гектардан аспауға тиіс.
Вице-премьер Ауыл шаруашылығы және Су ресурстары және ирригация министрліктеріне, сондай-ақ Түркістан мен Қызылорда облыстарының әкімдіктеріне арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды. Олар екі апта ішінде облыстардағы су тұтыну лимиттерін нақтылап, егіс алқаптарын сол лимиттерге сәйкес жоспарлап, бекітуі қажет.
Сонымен қатар Қанат Бозымбаев Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Достық» трансшекаралық каналы бойында күріш егуге тыйым салу туралы ұсынысын қолдады. Күрішті тек «Қызылқұм» каналы бойында 3,5 мың гектар алқапта, міндетті түрде су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы өсіруге рұқсат етіледі.
Диқандарға ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандырып, су аз қажет ететін әрі құрғақшылыққа төзімді дақылдарға көшу ұсынылды. Бұл өнімділікті арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және су ресурстары шектеулі жағдайда ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына мүмкіндік береді.
Су үнемдеуге ынталандыру шаралары да күшейтілді. Атап айтқанда:
- ұңғымаларды бұрғылау, инфрақұрылым тарту және су үнемдейтін жабдықтар сатып алу шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін артты;
- егінге қажетті судың сараланған тарифі енгізілді: су үнемдеу технологияларын қолданатын шаруаларға субсидия мөлшері 60%-дан 85%-ке дейін ұлғайтылды, ал қолданбайтындар үшін субсидия көлемі жыл сайын 10%-ға қысқартылатын болады.
2026–2028 жылдарға арналған жалпы трансферттер аясында су үнемдеу технологияларын енгізу мен су құнын субсидиялауға бұрынғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп қаржы бөлінеді.
Қазіргі таңда Түркістан облысында су үнемдеу технологиялары 82 мың гектар алқапта қолданылып отыр. Оның ішінде 18,7 мың гектарда жаңбырлатып, 63,3 мың гектарда тамшылатып суару жүйелері енгізілген. Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының дерегінше, бұл технологиялар суды 20–30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған микронесиелер ұсынуды көздейді.
2026–2028 жылдары ауылды дамытуға 450 млрд теңге бөлу жоспарланған, оның 68,7 млрд теңгесі Түркістан облысында ауыл кәсіпкерлігін кеңейту мен кооперативтерді дамытуға бағытталады.

Қанат Бозымбаев «Ауыл аманаты» жобасын тек қаржылай қолдау емес, ауылды экономикалық жаңғыртудың маңызды тетігі ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті. Келесі жылдан бастап ауылдық инфрақұрылымды қаржыландыру жалпы трансферттер арқылы жүргізіледі. Осыған байланысты «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясындағы барлық инфрақұрылымдық бастамалар облыстар мен аудандардың даму бағдарламаларына нақты енгізілуі тиіс.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары