Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭТНОС ӨКІЛДЕРІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭТНОС ӨКІЛДЕРІ

Қазақстан Республикасында қазіргі таңда әртүрлі кезеңдерде тағдырдың жазуымен қоныс аударып келіп, тұрақтанған 130-ға жуық өзге этнос өкілдері бар. Олар бүгінгі күні әлемдік қауымдастыққа Қазақстан Республикасы атауымен енген елдің азаматтары ретінде өмір сүруде. Көпшілігі кеңестік тоталитарлық жүйе үстемдік құрған шақта күштеп көшірілген халықтар еді. Олар тағдырдың тәлкегіне ұшырап қуғындалып келгенде, жергілікті қазақтар өз жағдайлары аса мәз болмаса да, қолдан келген көмектерін беріп, аман-есен тұрып кетулеріне жәрдемдесті.

Ұлы Отан соғысы жылдары елдерді еріксіз көшіру науқанынан Қазақстан көп этносты мемлекет болып, бүгінгі күні оны мекендейтін ұлттардың өз Отанына айналды.

Тоталитарлық жүйеде миллиондаған азаматтардың тағдыры тәлкек болып, заман қасіретін арқалап, алғашында жеке адамдар қудаланса, кейіннен бұл саясат шекаралық аймақтағы тұтастай халықтарды туған жерінен айырып, басқа аймаққа күшпен жер аудартты. Оларды қоныстандырған жердің негізгі қатарына Қазақстан кірді. Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысына дейін де тоталитарлық жүйенің нақты орталығы болып келді. Себебі қазақ халқының ашаршылық жылдары, ұжымдастыру кезеңі, қуғын-сүргін уақытындағы демографиялық өзгеріске ұшыратқан кеңестік дәуірдің терең саясатының бір көрінісі – Ұлы Отан соғысы жылдарында басқа ұлт өкілдерін күштеп шоғырландыру арқылы тағы да жүзеге аса түскенін байқатады.

Қазақстан Республикасына жер аударылған халықтардың жалпы саны  1 млн. 200 мың адамға жеткен. Сонда кейбір құжаттарда көрсетілгендей, күштеп көшірілген халықтардың тең жартысынан көбі Қазақстанға жөнелтіліп отырған.

Сөйтіп, екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында және соғыс жылдарында Қазақстанға жер аударылған корей, шешен, ингуш, түрік, балғар, Қырым татарлары және басқа халықтар мен этникалық топтар өкілдері соғыс кезінде еріксіз көшірілсе, соғыстан кейін 1954 жылғы 23 ақпан 2 наурыз аралығында өткен компартия  ОК кезекті пленумында елде астық өндіру мен жаппай тың игеру туралы қаулы қабылдап, кең байтақ Қазақстанға жаппай қоныс аударған өзге этнос өкілдері де тұрақтап, еліміз көп ұлтты мемлекетке айналды.   Қазақстан аумағындағы этнос өкілдерінің ақсақалдары әлі күнге дейін қазақ ұлтының сол қиын-қыстау заманда үйіне қоныстандырып, азық түлік беріп аман қалғандарын айтып отырады.

Еліміздің тәуелсіздік алған уақытынан бері қазақ халқы өзге ұлт өкілдерімен саяси тұрақты және ұлтаралық келісімде өмір сүруде. Бұл ширек ғасырдан астам уақыт аралығында этносаралық қарым-қатынастың Қазақстандық үлгісінің қалыптасқандығын байқатады. Ал, елдегі азаматтардың ортақ Отан сүйгіштігі мен ұлтаралық келісімі, ол бейбіт және тату өмір сүрудің нәтижесінде қалыптасатындығы сөзсіз.

Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынастар – егемендік пен тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін пайда болған жаңа әлеуметтік-саяси ақиқат. Олар кешенді сипатқа және күрделі құрылымға ие. Қазақстан халқы барлық әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени-тұрмыстық құрылымдарға, қарым-қатынастар мен үдерістерге барынша терең ықпалдасқан. Қазақстандағы этносаралық қатынастар онда тұрып жатқан барлық халықтардың қоғамдық қызметінің әр түрлі салаларындағы сан түрлі өзара байланыстары мен қарым-қатынастарының тізбегі, біртұтас органикалық жүйе ретінде қызмет атқаратын тәжрибе көрсетіп отыр.

Этносаралық келісім мәселесі бойынша Қазақстан посткеңестік мемлекеттер арасындағы бірегей мемлекет деп айтуға біздің құқығымыз бар, бұлай деп айту – асыра айтқандық емес.

Осы тұста өзінің тарихында, жалпы, мемлекеттік құрылымдық ғұмырында Қазақстан ерекше ел болып қалыптасқанын айта кеткеніміз абзал. Өзінің тағдыр-талайында, біртұтас бола білудің көрсеткен кезеңі ондағы ұлттар мен ұлыстардың үлкен жауапкершілігін керек. Біздің бақытымыз да сол, Қазақстан аз уақыттың ішінде әлемдік қоғамдастықтың алдыңғы қатарлы көшіне қосылды.

Еліміздің тарихында қазақ халқының патриотизімі маңызды орынға ие. Өз еліне қызмет етуден көрінетін Отанға деген сүйіспеншілік сезімі қоғам дамуы мен ұрпақтар сабақтастығының маңызды құрамдас бөлігі болған және солай болып қала бермек.

Қорытындылай келгенде, этносаралық қарым-қатынастың қазақстандық үлгісі елімізде саяси тұрақтылық пен бейбітшілігін сақталу жолында көптеген жұмыстар атқарып келеді. Біздің елімізде алуан түрлі этникалық қауымдардың бейбіт қатар өмір сүру нысаны ретіндегі берік, жүздеген жылдардың сынағынан өткен өркениетті дәстүрлер үнқатысуы қалыптасты.

Бүгіндері Тәуелсіз Қазақстанымызда өз Отаны ретінде көптеген этностар тату-тәтті өмір сүруде.

 

Нұржан Әбдікәрім,

Шымкент қаласы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің бағдарламашысы.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*