Соңғы кездері еліміздің түкпір-түкпірінде ауа-райы күрт ысып, жауын-шашын азайып, шаруаларды әбігерге салды. Қуаңшылық салдарынан батыстағы облыстармен қатар Түркістан өңірінде де қиындықтар кездесіп жатыр. Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Аграрлық секторды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес мәжілісінде осы мәселе талқыланды. Жиынға Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, партияның Түркістан облыстық филиалы жанындағы Аграрлық секторды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Нұрмаханов төрағалық етіп, жүргізіп отырды.
Кеңеске Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев, облыстық мәслихат депутаттары және жауапты басқарма мен мекеме өкілдері, кеңес мүшелері қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – Өңірде болып жатқан қуаңшылыққа қарсы іс-шаралар туралы Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов баяндама жасады. Оның айтуынша, Түркістан облысында вегетациялық кезең ағын су тапшылығына байланысты қиындау өтіп жатыр.
«Ордабасы, Отырар, Сауран, Бәйдібек аудандары мен Арыс, Кентау қалаларында егістікті ағын сумен қамту күрделі болып тұр. Бұл аумақтарға «Бөген» су қоймасы арқылы су жеткізілуде. Жылдан-жылға су тапшылығының ұлғайып келе жатқаны ескеріліп, басқарма тарпынан үнемдеу технологияларын енгізу, егістікті әртараптандыру жұмыстары қолға алынды. Нәтижесінде биыл малға арналған азықтық дақылдардың көлемі 4,1 мың гектарға артып, 216,9 мың гектарға жетіп отыр. Бақша дақылдары 11,8 мың гектарға артып, 73,4 мың гектарға егілсе, мақта көлемі кемітіліп, 108 мың гектарды құрады. Түркістан облысында суармалы жер көлемі 548 мың гектар болса, қазір соның 453 гектары игерілген», – деген ол ағын суға қатысты өткір проблемаларды да қозғады.
Басқарма тиісті құрылымдармен су қоймаларында ағын су көлемін 70 пайыздан асырмау тапсырмасына қарамастан қуаңшылықтың алдын алу үшін «Бөген», «Қосқорған» су қоймаларында су мөлшерін 95 пайзыға дейін толтырған. Облыстық бюджет есебінен соңғы 2 жылда 243 шақырымды құрайтын 61 канал жөнделген.
«Былтыр Сырдария өзенінен Қызылорда облысына 4159,9 млн. текше метр су лимиті бекітіліп, 4071 млн. текше метр су жіберілген. Ал Түркістан облысына жоспарланған 2215,2 млн. текше метр судың тек 1676,3 млн. текше метрі ғана жеткізілді. Яғни, облысқа 538,9 млн. текше метр су аз берілді. Бұл мәселені республикалық деңгейде талқылап, Сырдарияның суын ұқыпты пайдалануды қолға алу керек», – деген Тұрғанбек Оспанов жалпы айтқанда өңірде малға арналған жем-шөп жеткілікті екенін жеткізді. Дегенмен жекелеген аудандарда бұл мәселе күрделі. Сондықтан шөп бітік шыққан аудандардан, аумақтардан шөлейт аумақтарға шөп пен азықты жеткізуді үйлестіру, бағаны көтермеу жұмыстары қатаң бақылауға алынған.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – ағын судың жай-күйі бойынша «Қазсушар» шаруашылық құқығындағы РМК Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Асқар Қыстаубаев баяндама жасады. Ол трансшекаралық өзендер мен өңірдегі республикалық меншіктегі су қоймаларының қазіргі жағдайына тоқталды.
«Түркістан облысының негізгі суармалы алқаптары траншекаралық өзендерге тәуелді. Бірақ көршілес елден келетін су жыл сайын дер кезінде және толық алынбай келеді. Оның түрлі себептері бар. Былтыр Сырдария өзені бассейніндегі су тапшылығы айқын сезілді. Осыған байланысты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Тәжікістандағы осы салаға жауапты министрмен кездесіп, келіссөз жүргізді. Нәтижесінде «Бахри Точих» су қоймасынан 315 млн. текше метр суды Қазақстанға босату жөнінде келісімге қол жеткізді», – деген ол мемлекетаралық Зах, Ханым каналдарын жөндеу керектігін айтты.
Жиында облыстық мәслихат депутаттары Талғат Қаржауов пен Ғабиден Қапалбаев ауылдарға дизель отынын жеткізетін операторлардың жұмысын жүйелеу, оларға талапты күшейту жөніндегі ұсыныстарын жеткізді. Сонымен бірге ағын суды ретімен беруді үйлестіріп, ретке келтіру жолдары да айтылды. Депутат Бекарыс Шойбеков жерді жалға алған кейбір азаматтардың шөбін не өзі шаппай, не өзге азаматтарға шапқызбайтынын, жалпы шаруаларға осы бағытта қолдау көрсетілу керектігін жеткізді. Сонымен бірге кейбір каналдардың қожайындары су арнасын уақтылы тазаламай, соның салдарынан өзге шаруалар қиындық көріп жатқаны да айтылды. Облыстық мәслихат депутаты, кеңес төрағасы Ерлан Нұрмаханов су тапшылығы жыл сайын күрделене берсе, суды үнемдеу технологияларын енгізу керектігін, егістікті әртараптандыру бойынша шаруаларға түсіндіру жұмыстары тоқтаусыз жүргізу керектігіне тоқталды. «Суды үнемдейтін жоғары технологияларды пайдалану үшін ауылдарда электр қуаты жеткілікті болуы керек. Бұл мәселе де толық шешілді деу қиын. Қысқасы, агросала азық-түлік, мал азығы секілді салаларға үлкен жоспар мен ғылыми әдіс керек. Ғылыми орталықтарымыздың әлеуетін пайдаланатын кез келді», – деді ол.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев әрбір ұсыныс пен пікірді назарға алып, осындай мінбер ұсынған «Nur Otan» партиясына алғысын білдірді.
«Биылғы қуаңшылық ауыл шаруашылығы саласындағы көптеген проблеманы айқындап берді. Ағын су тапшылығы, егістікті әртараптандыру, жерді тиімді пайдалану, шаруаларға қажетті жанар-жағар майды уақтылы жеткізу және өзге де мәселелерді анықтадық. Алдағы уақытта осы түйткілдерді шешу үшін фракция депутаттарымен және осы салаға жауапты өкілдермен, агросала қызметкерлерімен бірлесе комиссиялар құрып, жүйелі түрде шешеміз», – деді ол.
Мәжілісті қорытындылаған «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев кеңесте айтылған ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, партия бақылауына алынатынын жеткізді.