Шымкент қаласының Қаратау ауданына қарасты Ақжайық шағын ауданының орталық көшелерінің біріне, жеңісті жақындатқан жанның бірі Әбіл Спановтың есімі берілді, деп жазады «Ontustik» телеарнасына сілтеме жасаған jetpisbai.kz. Айтулы күнде, көше бойына Ұлы Отан соғысының ардарегіне арналып ескерткіш тақтайша орнатқан ет жақындары, елі үшін кеудесін оққа тосқан жан көзі тірі болғанда биыл 100 жасқа толатын еді, деп еске алады.
Жастайынан зерек, елгезек болып өскен Әбіл Спанов, небәрі 19 жасында туған жері Шымкент облысы, Қызылқұм ауданына қарасты Нұрата әскери комисариатынан майдан даласына аттанады. Бір ай Краснодар қаласында әскери дайындықтан өткен соң 1942 жылдың тамызында I-Украина фронтына қарасты 208-ші атқыштар дивизиясында барлаушы болып іске кіріседі. 1943 жылы тамыз айының аяғында Дон өзені үшін болған қиян-кескі шайқаста оң аяғынан жараланған ол небәрі, екі апта емделіп үш барлаушымен бірге неміс басқыншыларының азық–түлік тиеген автомашинасын талқандап, алты неміс солдатын жер жастандырып, біреуін тұтқынға алады. Сонымен бірге бір машина азық–түлікті негізгі құрамға жеткізеді. Әрбір жорықта батылдығы мен ержүректілігін көрсетіп, тапсырмаларды тап-тұйнақтай орындап көзге түскен Әбіл Спанұлы «Қызыл жұлдыз», 1943 жылдың желтоқсан айында «Ерен ерлігі» ( За Отвагу) үшін медалімен марапатталады.
Соғыс тактикасын жақсы меңгерген Әбіл Спанов 1944 жылы Калинин және Смоленск облыстарын фашистерден азат ету жолында асқан ерлігімен көзге түсіп, «Жауынгерлік қызметі үшін» (За боевые заслуги) медалін кеудесіне тағады. 1944 жылдың қазанында Берлинге бағыт алып, немістерді шегіндіріп бара жатқан кезекті бір шайқаста барлаушы Әбіл Спанов оң аяғына снаряд түсіп, екінші рет жараланады. «Сычовка» станциясындағы №3070 әскери госпитальда ота жасалып аяғын тізеден кесіп тастайды. Қиян-кесті ұрыста бір аяғынан айырылған Әбіл Спанов амалсыз елге қайтарылады. Содан кейін көп ұзамай, яғни төрт айдан соң Рейхстагта Жеңіс туы желбірейді. Бір аяғының жоқтығы рухы биік азаматты жасыптады. Қайта айналасына жігер беріп, шаруашылыққа етене араласты. Қызу тірліктің арасынан үнемі құдамды көретін едім, деп жектат-жұрағаты бүгінгі күнде ерекше толқыныспен еске алды.
Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде Зәмзәм Қайдауылқызымен отау құрған Әбіл Спанов үш ұл, үш қыз сүйіп, олардан бүгінде 22 немере, 50 астам шөбере тараған. Артында қалған ұрпағы ардагер аталарын, батырлықтың, ерліктің сиволы ретінде ғана емес, еңбек сүйгіштіктің, мейрімділіктің, парасаттылықтың үлгісі еді, деп еске алады. Ерлік ешқашан да ұмытылмайды дегеніміз, міне, осы болса керек.